Қоғам дамыған сайын адамдар арасындағы қарым-қатынастар да күрделене түсуде. Тұрмыстық жанжалдар, отбасылық дау-жанжалдар, еңбек қатынастарындағы түсінбеушіліктер, азаматтық-құқықтық даулар – мұның барлығы сотқа дейін немесе сотта қаралатын істердің санын арттыруда. Әрине, заң алдында әр азаматтың құқығы тең, даулы мәселені сот арқылы шешу – Конституцияда бекітілген құқық. Дегенмен, қоғамға қажет нәрсе – әділдікті орнатумен қатар, адамдар арасындағы татулықты сақтау. Осы тұрғыдан алғанда, медиация институтының маңызы ерекше.
Медиация – тек құқықтық рәсім ғана емес, ол ең алдымен өркениеттілік пен мәдениеттіліктің көрінісі. Оның мақсаты – тараптарды татуластырып, ұзаққа созылған дауларды бейбіт жолмен шешу. Сот шешім шығарады, ал медиация екі тарапты өзара келісімге әкеледі. Мұның артықшылығы – тараптардың өз еркімен шешім қабылдауы, әрі оны орындауға ішкі сенімнің жоғары болуы. Келіспеушілік кезінде адамдардың эмоциясы басым түсетіні рас, ал медиатор – бейтарап тұлға ретінде олардың сабырға келуіне ықпал етеді, екі жаққа да тиімді жол ұсынады.
Сот тәжірибесінде біз жиі байқаймыз: бір-бірімен соттасқан туыстар, көршілер немесе әріптестер арасында жылдар бойы өкпе-наз, реніш сақталып қалады. Ал медиация жолымен шешілген дауларда, керісінше, өзара түсіністік пен сыйластық қайта орнайды. Бұл – халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүріне де сай құбылыс. Қазақ халқы тарихында билер институты болғаны белгілі. Билер тек дауды шешіп қана қоймай, елді ауызбірлікке шақырған. Медиация – осы дәстүрдің қазіргі заманға бейімделген үлгісі деуге болады.
Мемлекетімізде қабылданған «Медиация туралы» заң азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда үлкен рөл атқаруда. Бұл заң соттардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік татулық пен тұрақтылыққа қызмет етеді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде медиаторлар қауымдастықтары жұмыс істейді. Азаматтардың құқықтық мәдениеті артқан сайын олар сотқа жүгінбей-ақ, дауларын медиатор арқылы шешуге бейімделуде.
Әсіресе, отбасылық жанжалдарда медиацияның пайдасы зор. Ерлі-зайыптылар арасындағы түсінбеушіліктер, алимент өндіру, бала тәрбиесіне байланысты даулар – мұндай мәселелерде медиатордың араласуы отбасының сақталуына, бала тағдырының дұрыс шешілуіне ықпал етеді. Сол сияқты, еңбек қатынастарындағы келіспеушіліктерді де сотқа жеткізбей шешудің жолы – осы.
Медиация – тек заңнамалық тетік емес, ол халықты бітімге, түсіністікке шақыратын үлкен мәдениет. Әр дауды сотқа жеткізбей, өзара келісіммен шешуге ұмтылу – қоғамымыздың рухани деңгейінің артуын көрсетеді. Сондықтан әрбір азамат даулы мәселе туындаған жағдайда, ең алдымен, медиацияны ойластыруы тиіс.
Судья ретінде менің тілегім – халқымыздың ішінде татулықтың арта түсуі. Себебі бірлікте – береке бар. Ал берекелі елде даму мен өркендеу болады. Медиация осы мақсатқа қызмет етеді, яғни адамдарды бітімгершілікке, түсіністікке, сыйластыққа жетелейді.
Ж.ТУЛЕНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.