Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлеріне арналған семинар өтті. Шарада 2025 жылы 18 шілдеде қабылданған ҚР Заңы №214-VIII негізінде, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер таныстырылды.
Жиынға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, жеке меншік мектептер мен балабақшалардың құрылтайшылары, дәріхана басшылары және туризм саласындағы кәсіпкерлер қатысты.
Семинар барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс арнайы салық режимдеріндегі басты өзгерістерге тоқталды.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде бұрынғы жеті арнайы режим үш негізгі түрге қысқартылған:
• Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – 4% мөлшерлеме, жылдық табыс 15 млн теңгеге дейін. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
• Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР (бұрынғы оңайлатылған декларация мен бөлшек салық режимдерінің бірігуі) — жылдық табысы 600 000 АЕК-тен аспайтын (2026 жылы – шамамен 2,5 млрд теңге), жалдамалы жұмыскерлер санына шектеу қойылмайды.
• Шаруа және фермер қожалықтары үшін – бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі.
Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өседі, бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар, археология қызметтері ҚҚС-тан босатылады. Дәрі-дәрмек пен ақылы медициналық қызметтер үшін ҚҚС кезең-кезеңімен – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% мөлшерінде енгізіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдетілген 3% мөлшерлеме сақталады.
Ыдырыс Әзірет Талғатұлы шарада:
«Жаңа Салық кодексі – салық жүйесін жетілдіру, ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған құжат. Біз үшін басты мақсат – кәсіпкерлердің өзгерістерді алдын ала түсініп, бизнесін соған бейімдеуі. Сондықтан мұндай кездесулерді тұрақты өткізіп, барлық сұрақтарға жауап беруді жалғастырамыз», – деп атап өтті.
Семинарда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі жаңа Салық кодексіндегі корпоративтік табыс салығы мен акциздік салықтарға енгізілетін жаңалықтарды баяндады. Корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде қалса да, банктер мен ойын бизнесі үшін 25%-дық мөлшерлеме белгіленген. Сондай-ақ, құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктер мен 450 млн теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке 10% акциз салығы енгізіледі.
Семинар барысында қатысушылар салық әкімшілендіру, есептілік және жаңа талаптарға бейімделу бойынша сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.