Сот жүйесі – әділдіктің көрінісі. Сондықтан судья сот төрелігін жүзеге асыра отырып, қызмет барысында және одан тыс уақытта жалпыға ортақ этикалық нормаларды мұқият сақтауға міндетті. Осы мақсатта 2016 жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасы Судьяларының IV Съезінде Судьялық Әдеп кодексі қабылданды. Бұл кодекс Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңына негізделіп әзірленді.
Судья әдебінің мағынасы – судьялар қауымдастығының барлық мүшелерінің, сондай-ақ қарапайым азаматтармен және әртүрлі топтармен қызмет барысында және одан тыс уақытта өзара қарым-қатынаста өзін қалай ұстауы мен қандай шектеулерді орындауы.
Кодекстің 4-бабына сәйкес, судьяның соттан тыс әрекеттері, сонымен қатар процесс қатысушыларымен байланысы, соттың тәуелсіздігіне қоғамның сенімін сақтау үшін маңызды рөл атқаруы тиіс. Ал, Кодекстің 1-бабында судья антына адал болуы, қоғамдық қызметте және күнделікті өмірде кез келген әрекеттерін орындағанда әдепсіздікке жол бермеуі, судьяның жоғары мәртебесіне сай болуы және әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажет екені атап көрсетілген.
Судья заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігін қорғап, жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар, судья сот билігінің беделін түсіретін және өзінің абыройына нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Осылайша, судья сот ісін жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етіп, өзін лайықты әрі әдепті ұстауы, сонымен қатар сот отырысына қатысушылардың сот төрелігінің әділдігіне күмән туғызбауы үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет.
Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қоғамның заң қызметкерлеріне қойылатын адамгершілік және ізгілік талаптарын ескеруі тиіс. Судья халықтың сот билігіне деген сенімін арттырып, өз әрекеттерімен жоғары тәртіп стандарттарына ұмтылуы маңызды. Бұл судьялардың адал қызмет етуіне ынталандырады.
Сот төрелігі судья мен сот органдарының әрбір азаматтық және қылмыстық істі әділ шешу үшін заңға негізделген объективтілігі, жан-жақтылығы, бейтараптылығы мен әділдігін білдіреді. Сондықтан судьяларға қойылатын талаптар өте жоғары. Жазаны әділ түрде тағайындау үшін судьяның ізгі қасиеттерімен қатар, адамның ішкі әлемін терең түсінуі қажет. Судьялар тек әділ үкім шығарып қана қоймай, қоғам алдында жауапкершілікті сезініп, өздерінің жоғары мәдениеті, әдебі және жеке қасиеттерімен баршаға үлгі болуы тиіс.
Судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігін бұзатын заңдар немесе басқа да нормативтік құқықтық актілердің қабылдануына жол берілмейді. Мұндай мәртебеге ие судья әр істі терең сезініп, адал, әділ, қарапайым және парасатты болуы тиіс. Судья қызмет барысында, үйде немесе демалыста болса да, әрдайым қоғам алдында жауапты мемлекеттік қызметкер болып табылады. Дөрекілік көрсетпеу, дауыс көтермеу, материалдық нәрселерге қызықпау және басқаларды мұқият тыңдай білу – судья үшін ең маңызды адами қасиеттер.
Осылайша, мемлекет атынан сот билігін жүзеге асыруға жауапты әрбір судьяның міндеті – қоғамның көрсеткен сенімін ақтап, тәуелсіз еліміздің сот жүйесінің дамуына барынша күш салу.
Гүлмира УСМАНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.