Азаматтық сот ісін жүргізуде сот талқылауының маңызы ерекше. Себебі азаматтық процесс әділеттілік қағидаттарына негізделеді, ал бұл міндеттер сот талқылауы барысында жүзеге асырылады. Сот қағидаттарының ішінде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы маңызды рөл атқарады.
Азаматтық істегі тараптардың жарыспалылығы мен теңдігі қағидаты сот реформасында тиімді реттелген негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Жарыспалылық принципі жеке тұлғаны қорғаудың маңызды кепілдіктерінің бірі ретінде сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Жарыспалылық сот жүйесінің пәрменді құралы болып табылады, бірақ оның тиімділігі құқықтық тұрғыда жүзеге асырушының қолында. Яғни, соттағы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылық қағидаты судьяның бастамасы мен белсенділігіне тікелей байланысты.
Еліміздің Азаматтық процестік кодексінің 15-бабында «Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы» принципі заңды түрде бекітілген. Бұл бапқа сәйкес, кез келген азаматтық іс бойынша өткен сот отырысында тараптарға өз позицияларын қорғауға тең мүмкіндік беріледі. Тараптардың өз пікірлерін қалай қорғауы, қандай әдістер мен құралдарды қолдануы – олардың жеке таңдауы.
Судья жариялылық пен тең құқықтылық принциптеріне сүйене отырып, процесте объективтілікті сақтайды және екі тарапқа да бейтарап көзқарас ұстанады. Ең маңыздысы, судья екі тараптың да өз дәлелдерін, өз пікірлерін еркін білдіруіне жағдай жасауға міндетті.
Судьяның соттағы теңгерімді қамтамасыз ету жауапкершілігі өте жоғары. Судья процесс барысында қатысушыларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруі қажет. Сонымен қатар, процестік әрекеттерді орындау немесе орындамаудың салдарын да ескертуі тиіс. Тараптар сот процесіне жиі қатыспайтындықтан, өз құқықтары мен міндеттерін толық білмеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, судьяның түсіндірмелері тараптардың құқықтық позицияларын және дәлелдерін нақтылауға, сондай-ақ өз мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі. Судьяның тараптармен істің мән-жайларын талқылауы азаматтардың сотқа және өздеріне деген сенімін нығайтады.
Соттың тараптарға бірдей назар аударуы, әрқайсысының пікіріне, сұрағына және уәжіне құрметпен қарауы сот процесіндегі жарыспалылық пен тең құқықтылық қағидаттарының сақталуына негіз қалайды. Осы орайда, тараптардың сотта дәлелдемелер ұсыну, фактілерге сілтеме жасау және заңды пайымдау арқылы әр істің дұрыс шешілуіне белсенділік көрсетуі маңызды.
А.ЕЛЮБАЕВА,
Шымкент қаласының
азаматтық iстер жөніндегі
ауданаралық сотының судьясы.