Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 33 жыл толды. Бұл маңызды мереке жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде атап өтіледі, себебі Тәуелсіздік – біздің ең құнды байлығымыз.
Тәуелсіздікке қол жеткізген 33 жыл ішінде Қазақстан көптеген жетістіктерге жетіп, қиындықтарды жеңе білді. Біз төл валютамыз – теңгені енгіздік, мықты армия құрдық, шекарамызды нығайтып, жаңа астана салдық. Мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. Қазақстан орнықты мемлекеттік институттары мен бәсекеге қабілетті экономикасы бар демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.
1991 жылдың 16 желтоқсанында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңына қол қойды. Бұл құжат қазақ елінің тәуелсіздігін заңды түрде бекітетін соңғы заң болып табылады, ол КСРО-да қабылданған.
Қазақстан әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толық кіріп, өзін сенімді серіктес ретінде таныта алды. Қазіргі таңда 120-дан астам мемлекет Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатқан. Ауқымды реформалар жүзеге асырылып, экономика мен әлеуметтік сала жаңғыруға бет алды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, халқымыздың саны 20 243 981 адамға жетті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш рет ресми түрде Америка Құрама Штаттары таныды. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам Республикасы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қабылдады. Түркия болса, Қазақстанда алғашқы елшілігін ашқан мемлекет болды.
Биыл тәуелсіздігімізге 33 жыл толып отыр. Оның алғашқы онжылдығы егемендіктің негіздерін қалыптастыру мен конституциялық құрылымды дамытуға арналды. Төл валютамыз енгізіліп, Қарулы Күштер құрылды. КСРО-дан қалған жоспарлы экономикалық саясаттың орнына нарықтық қатынастар орнықты.
Тәуелсіздіктің екінші онжылдығы «мұнай дәуірі» ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Себебі, дамудың айқын жолы ретінде көрінген экономикалық үрдістер уақыт өте келе өз қиындықтарын да көрсетті. Астана елдің ресми орталығы ретінде толық қалыптасып, республиканың әр өңірінен бәсекеге қабілетті орта іздеген адамдардың барлығын тартатын мегаполиске айналды.
«Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде еліміздің халықаралық аренадағы беделі жоғары, бағыты айқын. Тәуелсіз мемлекетіміз өркениетті, дамыған ел ретінде алға басуда. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа еңбек пен ынтымақтың арқасында қол жеткізгені анық. Бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – баршамыздың міндетіміз.
Нұралы САРҚҰЛОВ,
Шымкент қаласының
мамандандырылған тергеу сотының судьясы.