Мемлекетімізде ана мен балаға деген қамқорлық айтуға тұрарлық. Оған қоса ана мен баланың қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша да қабылданып жатқан шаралар аз емес. Бұларға қосымша мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларын, көпбалалы отбасыларды да назардан тыс қалдырмай түрлі жәрдемақылар мен төлемдер тқлеп келеді. Президент биылғы Жолдауында да «Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды» деп ана мен балаға жасалынып отырған қолдаулар жайлы атап өтті. Бұл жері байтақ халық саны аз біздің еліміз үшін демографиялық жағынан санымыз көбеюіне ықпал ететін шаралар болып табылады.
Түркістан облысында ана мен бала мәселесіне, көпбалалы отбасыларға деген көзқарас ерекше. Өйткені, облыс еліміздегі демографиясы қарқынды, бала туу бойынша алдыңғы орындағы өңір.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады. Марапаттау рәсімінде аудан басшысы аналарды лайықты наградалармен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтып өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, бала тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Халқымызда «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» — деген даналы сөз бекер айтылмаса керек. Анадан батыр да, ақын да, данышпан да туады. Еліміз бала тәрбиесіндегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Мемлекетіміздің алтын діңгегі болып, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер», — дей келе, алтын құрсақты асыл аналарға алғысын айтты.
Жыл сайын Мемлекет Басшысының Жарлығымен жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарымызға «Күміс алқа» беріледі. ҚР Президентінің 2024 жылғы 15 тамыздағы №623 Жарлығы бойынша отырарлық 2 анаға «Алтын алқа» және 8 анаға «Күміс алқа» белгілері табысталып отыр.
Бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 682 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1288 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев көпбалалы аналармен кездесті. Кездесу барысында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын салтанатты түрде табыстап, құрметпен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті көпбалалы аналар, аяулы жандар, ардақты аналар!
Сіздер үшін бүгін ерекше күн! Сіздерге, Мемлекетіміздің демографиялық әлеуетін арттырып, бала тәрбиелеудегі шынайы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жыл сайын көпбалалы аналар мен балаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қамқорлықтар көрсетіліп келеді. «Отан — отбасынан басталады» демекші, сіздер ұрпақты дүниеге әкеліп, мейірім сыйлап, үлкен азамат етіп өсіріп отырсыздар. Ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан — барлық мақтауға лайық. Отбасыдан бөлек, сіздердің араларыңызда қоғамда түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар да бар. Өздеріңізге алғысымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, таусылмас қуаныш пен жақсылық тілеймін. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын! – деді А.Оралбаев.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей алтын құрсақты аналарымызды марапаттарымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығына сәйкес, жалпы 75 көпбалалы ана марапатталды. Марапатталғандардың ішінде басым көпшілігі үй шаруасындағы аналар. 12 алтын, 63 күміс
Айта кетейік, қазіргі таңда жыл басынан бері аудан бойынша «Алтын» — 1162 және «Күміс»-2881 батыр ана бар.
Іс-шара соңында алтын құрсақты аналардың құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған ән-күй тарту етіліп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.