Міне осы тұғырларды реттеп, зерттеп, зерделеп талдайтын ғылыми танымдық институт қалыптастыруымыз керек. Қоғам мен мемлекет бұл мәселелерді екі жақты белсенділік, өзара келісім негізінде шешуді қалыптастыруы тиіс. Құқық талабы да осы.
Зайырлылық — «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше — адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық — мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі.
Зайырлылық деп, «барлық діндерге бейтарап» қарайтын, «діни басшылықтан тәуелсіз» және кез келген «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама берілген. Неге барлық діндерге бейтарап қарайды? Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен олардың Құдай туралы танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады.
Зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни билікке тәуелсіз. Оның себебі, республикалық демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды…