Аталған оқу орындарына қызығушылық білдірушілер толық мәліметтерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми сайтынан ала алады.
Шетелдік теологиялық оқу орындары не үшін қауіпті?
Облыс көлемінде тұрғындар мен жастар арасында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында көптеп қойылатын сұрақтардың бірі десемде болады.
Өйткені қазіргі ақпарат заманында ғаламтор беттерінде діни материалдар көптеп шығуда. Жөн-жосықсыз білгіштер діннен сөз қозғауда. Өздерін шейх-ғалым ретінде таныстырып көптеген жастардың санасын улап жатқаны тағы бар. Сондықтан, аталған сұрақтың қойылуы мен сол төңіректе сөз қозғалу заңды деп білемін.
Ал енді сол «діндар» азаматтардың кейбіреулері аяғын тәй-тәй басып, экономикалық іргетасын қалап, ата-салты мен әдет-ғұрпын жаңғыртып келе жатқан мемлекетімізді даму даңғылынан тайдырғысы келеді. Неге? Неліктен? Өйткені олардың басым бөлігі, ислам дінінің қайнар көзінен білім алдық деген оймен, мәзхаб мәселесін ұмытып, ислам ойшылдары мен ұлық имамдарды адасқан деген ұстанымдағы мектептердің өкілдерінен білім алған.
Сонымен қатар, шетелдердегі діни-саяси ахуал да үнемі тұрақты бола бермейді. Соның ішінде араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті…