Біз қоғамды бүтіндей діндар болуға емес, діни сауатты болуға үндегіміз келеді. Себебі, діни ағым өкілдері қоғамның барлық салаларын дендеп үлгерді. Ал, олармен біз кәсіби маманданған теологтармен қатар өз саласындағы діни сауатты адамдар арқылы да күрес жүргізуіміз қажет. Тым құрығанда діни сауатты ата-ана өз балаларына дұрыс бағытты сілтей алса, біз діни сауатты қоғам қалыптастыра аламыз. Діни білімді, негізгі іргетасты, дұрыс көзқарасты қоғамның әрбір мүшесі қалыптастыра алса бізде деструктивті діни ағымдарға бірыңғай иммунитет қалыптасады.
Діни білім алуда ұлттық иммунитет керек па?
Бұл мәселенің өзекті болып отырған жөні бар. Тәуелсіздікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдары сенім-наным бостандығы тар құрсаудан шығып, еркіндік берілген кезде жастардың алдыңғы легі діни білім аламыз деп Түркия мен араб елдеріне бел аса бастады. Бұған алғашында елдің қуанғаны да рас. Ол жерлерде жастардың қандай, кімнен білім алғандары жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында сезіле бастады. Бірі «сәләфи», «хизбутшы», бірі «сопы», енді бірі «таблиғшы», «құранит» болып шыға келді. Қазір енді олар бір елде, бір дінді оқыса да, бірнеше ағымның сойылын соғып жүр. Демек, діни білім алу мен діни танымның қалыптасуында ұлттық иммунитет қажет деген сөз.
Қазіргі таңда жастар дін десе өзге елдің киім кию үлгісі мен іс-әрекеттерін көз алдына елестетуде. Себебі, шетелдердің теологиялық оқу орындарында білім алған азаматтар сол елдің киім кию, тамақтану, сөйлеу әдебін де тасымалдауда. Ал, шындығында дінде киім, сыртқы көрініс секілді дүниелер маңызға ие емес. Өкінішке орай, оны осылай маңызды етіп, діннің құрамдас бөлігі ретінде көрсетуге тырысып жатқан топтар бар. Бүгін киімі мен дастархан мәдениетін өзгерткен адам ертең тарихы мен салт-дәстүріне тасадан тас лақтыруы да әбден мүмкін…