Діни білім алу не үшін қажет?
Қазіргі қоғамда адамдар тек бір саланың ғана соңынан ерсе аса көп жетістіктерге қол жеткізбеуі мүмкін. Себебі, бүгінгі қоғам әралуан саладан хабары бар, бірнеше мамандықты игерген әмбебап адамдарға мұқтаж. Әрине, адам баласының барлығы да бірдей діндар бола алмауы мүмкін. Бірақ, діни сауатты болғаны абзал. Зайырлы қазақ қоғамында Тәуелсіздік алғалы талай білім ордалары құрылып, салалық мамандықтар көбейе түсті. Солардың бірі діни білім алу мәселесі.
Сауатты да зиялы адамдар білімнің діни және дүниелік деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Діни білім адам өмірінің мәнін түсіндіретін болса, дүниелік білім белгілі бір кәсіпке, қызметке мамандандырады. Адамдардың көбі осы екеуінің бірімен ғана қанағаттанып, екіншісіне өте немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Шындығында, дүниелік оқумен діни білімді, ал діни оқу арқылы дүниелік білімді ала алмайсың. Сол себепті жастар жоғары деңгейдегі университетті бітіре тұрып рухани надан болып қалуы да мүмкін. Керісінше, діни білімді біршама дәрежеде игерген адам да белгілі бір дүниелік білімді меңгерімесе бүгінгі қоғамнан өзінің лайықты орынын таба алмайтыны да рас. Бұл дүниеде осынау екі білімнің алатын өз орындары бар және олар бірінің орындарын бірі алмастыра да, толтыра да алмайды. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білімдер болып табылады. Сондықтан білімді діннің білімі, дүниенің білімі деп бір-біріне қарсы қою немесе бірін таңдап, біріне немқұрайлы қарау дұрыс емес.
Қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін түрлі саладағы мамандар қажет. Білім беру үшін – мұғалім, денсаулық сақтау саласында – дәрігер, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде – полиция дегендей…