Ынталы жүрек шын көңіл, өзгесі хаққа жол емес»,-дейді. Біз қазақ ешкімге де арамдық ойламаған, бөтеннің мүлкіне тиіспеген халықпыз деп кейде өз бағамызды шектен тыс асырып жіберетініміз бар. Бес саусақ бірдей болмағаны секілді әлемдегі барлық ұлтта бар жақсы қасиет пен жаман қасиет біз де де бар екенін түсінуіміз керек. Сол себепті болар кейде Құдай деп жүргендердің аузын араммен, алаяқтықпен айналысып, қолын қанмен былғап жүргенін, көріп әлеуметтік желіде ислам дегендерің осыма деген секілді пікір білдіріп жүргендердің көбейіп бара жатқаны. Ал шын мәнінде мұсылман деген қандай болу керек?
Көкбай Жанатайұлы естелігінде: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылдықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылдық қылғанда емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын. Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін». Яғни терең толғаныспен пайда болған мұсылмандық. Қазіргі таңда не көп діндар емес діншіл адам көп. Құдайдан хабары көп болмаса да намаз оқымаған адамдарға тозақты дайын қылып, Құдайға жақындатудың орнына керісінше алыстатып алатыны бар. Бірақ Құдайдың адамды сүйетіні, Құдайдың өзі жаратқан пенделеріне махаббаты туралы айтылмай тасада қалып кетіп жатады. Осыған байланысты Жаратушының адамға деген ерекше ықыласы туралы Абай айтқан мына деректі жаза кетуді жөн көрдім…