1911 жылы Уфа қаласында жарық көрген 20 тараудан тұратын «Тумыш» атты өлеңдер жинағының басты тақырыбы да жастарды білімге шақыру болып табылады.
Құран Кәрім, Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін өте жетік меңгерген Ғұмар Қараш ғылымсыз қандай да болмасын мемлекеттің өркениетке жетуі күмәнді екеніне көз жеткізеді. Ислам дінінің жоғары ғылыми дәрежесі ахун атағын иеленген Ғұмар Қараш дінді ғылыммен байланыстыруға ұмтылып: «Ғылымда адамның мінезі, түсінігі туралы айтылады. Бұл мәселелер діни тұрғыда қаралса да, бір-біріне қайшы келмейді»,-деп ислам діні мен ғылым біріксе, оның ықпалы күшейіп ұлттық қоғамның дамуы үшін үлкен күшке айналады деп есептеген.
1917 жылы 2-8 сәуірде Торғай облысында қазақтардың облыстық құрылтайында Орал облысынан Ғұмар Қараш қатысты. Құрылтайда жалпы қазақ сьезін құру туралы шешім шығарылып, 1917 жылы 17 шілдеде Орынбор қаласында жалпықазақтық І съезд өз жұмысын бастады. Онда өткен съездің негізгі міндеті Алаш партиясын құру еді. Одан басқа да қазақ облыстарының автономиясы, жер, дін, әйел теңдігі және т.б. мәселелер қаралды. Осы жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпықазақтық ІІ съезд өтті. Бұл тарихи мәні зор құрылтайда Алаш Орда үкіметі бой көтерді. Үкіметті жан-жақты қолдаған Ғұмар Қараш бұдан кейін саяси-мәдени күреске араласып кетті. Ол Батыс Алашорда үкіметінің рухани жетекшісі деңгейіне дейін көтерілді.
1913-1918 жылдары Алаш зиялыларының шығарып тұрған «Қазақ» газеті қызметімен тығыз байланыста болып, пікірін білдіріп тұрды. Аталмыш газеттің алғашқы сандары жарияланған уақытта «Сүйінші» атты өлең шығарып жариялады. Онда жаңа жарияланған «Қазақ» газетін жаңа туылған ұл балаға теңеп, бұдан былай оны аяққа тұрғызу үшін күресін жалғастырды…