ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының рухани өмірінің бел ортасында қазақы болмыс пен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері тұрды. Ұлт зиялылардың ішінде қазақ халқының ұлттық-әлеуметтік қауымдастық ретіндегі түсінігі жетіліп, қалыптаса бастады. Бұл кезеңде ағартушылық, либерализм, діни-реформаторлық және жәдидшілдік негізінде ислам дінінің қазақ қоғамының өміріндегі рөлін, оның одан әрі тағдырын әр түрлі бағалайтын саяси-идеологиялық ағымдар таралды.
Ал ХХ ғасырдың басында белең алған ұлттық жаңғыру жолындағы мәдени ағартушылық қызметімен тарихта өзіндік із қалдырған тұлғаның бірі, әрі ханафи мазхабы бойынша терең білім алып, кейіннен діни-реформаторлық бағытқа бет бұрған, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген Ғұмар Қараштың орны ерекше. Оның «Алаш зиялыларының имамы» атанғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол XX ғасырдың басында оқу-ағарту ісіне тікелей араласып, педагогикалық ой-пікірді дамытуға өз қолтаңбасын қалдырған ірі қоғам қайраткерлерінің бірі. Ресей мұсылмандарының ресми құрылымында қызмет жасаған Ғұмар Қараш ахун лауазымына дейін көтерілген.
Қоғамның рухани жұтаңдауының себебін Ғұмар Қараш иманның әлсіздігі деп білген. Оның өз еңбектерінде қадап жазған мына сөздері: «Ислам дінін әлсіретуге ең басты себеп Құранды дұрыс түсіндіре алмаған шала, дүмшелер еді, өйткені ислам қауымына дұрыс түсінік берілмегендіктен, теріс түсінік қалыптасты» деуі осының дәлелі болып табылады.
Ғұмар Қараш Абай және Махамбеттің мұраларымен, әсіресе «Зар-заман» ақындары Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері сияқты ақындар мұраларымен жақыннан танысып, меңгерген. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы көптеген қазақ ақындарының, ағартушыларының шығармашылығындағы тұрақты идеялық тенденцияны ұғынып, қазақ мектептеріндегі, медреселеріндегі теологиялық және зайырлы білім беруді дәйекті түрде біріктіруге шақырады, бұл мәдени реформалық қозғалыс түптеп келгенде, Ғұмар Қараштың жариялаған мәселені шешудің жәдидтік үлгісінде барынша айқын және тұжырымдамалық түрде қалыптасты…