Әрбір мемлекет үшін отбасы – Отанның бастауы. Сол себепті, отбасылық-тұрмыстық қатынастан туындайтын құқық бұзушылықтарға мемлекет өте жауапты әрі сақ қарайды. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан көбінесе қарттар мен әйелдер, кәмелетке толмаған жастар олардың өз жақындарынан туыстарынан, жұбайынан қорлық көретіні өкінішті. Осыған орай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауаптылықты арттыру мемлекет назарынан алынған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Мен еліміздің «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын» деп атап өтті.
Президенттің қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспай, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды деген пайымы да орынды. Мұның өзі Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлықты жою заңды қатайтумен ғана емес, азаматтардың өзара сыйластығын, жауаптылығын көтерумен өзектес екенін ұқтырады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі ӘҚБтК) 10 – тарауында жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар оның ішінде отбасылық – тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар жатады.
Азаматтық қоғамның белсенділігінің арқасында жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін бірқатар талаптардың қарастырылғаны белгілі.
Бұрын отбасындағы зәбір көргендер арыз бермесе, әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралмайтын. Ендігі жерде куәгерлер мен көршілердің сөзін, хабарлама негізінде әкімшілік іс қаралады. Сондай-ақ бұрын отбасын сақтап қалу үшін тараптардың татуласуына барынша жағдай жасалатын. Осыны пайдаланған құқық бұзушы әрбір ұрыс керістен кейін сот алдында табысып жататын. Ендігі жерде заңға енгізілген өзгеріске сәйкес жәбірленуші мен құқық бұзушы тек бір ғана татуласуға жол беріледі.
Яғни, ӘҚБтК-нің отбасылық – тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерде тараптардың татуласуына байланысты бір жыл ішінде әкімшілік жауаптылықтан босатылған адамдарға қолданылмайды.
Осы алғашқы татуласудан кейін қателігін түсінбеген бұзақы яғни, жақындарына зорлық көрсететін оның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендер сотпен лайықты жазасын алады.
Осы ретте осы санаттағы істер бойынша статистикалық деректерді келтірсек үстіміздегі жылдың 3 айында Арыс аудандық сотымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша 22 әкімшілік іс қаралып, 15 іс татуласуына байланысты өндірістен қысқартылса, 4 іс бойынша құқық бұзушыға ескерту жасалып, 3 іс бойынша он тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Ал, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 10 әкімшілік іс қаралып, 6 іс татуласуына байланысты өндірістен қысқартылса, 1 іс бойынша құқық бұзушыға ескерту жасалып, 1 іс бойынша он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынса, 2 іс бойынша құқық бұзушыға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Заңдағы осы өзгерістерді ескере отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарағанда отбасылық дауларды өзара келісіммен шешуге барынша күш саламыз. Өйткені таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұндай істерді таразы басына салғанда құқық бұзушыны жазалауды ғана ойлап қоймай, отбасын жарастыру, балалардың толық отбасында өсуін қамтамасыз ету мәселесін де назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Н.ӘШЕНОВ,
Түркістан облысы,
Арыс аудандық сотының судьясы.