Білім саласында бірінен-бірі ажырағысыз үш қасиетті сөз бар, олар – мұғалім, оқытушы және ұстаз деген ұғымдар. Бұл парасаты биік сабақтастықты екінің бірі бағындыра алмайтыны баршамызға белгілі. Осы үш ұғымды қатар ұстап, бар білім-тәжірибесімен, парасат-пайымымен қызмет ететіндер некен-саяқ. Солардың бірі де бірегейі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, Филология ғылымының кандидаты, доцент Ляззат Лесбекова.
Қанша жылдан бері осы оқу орнында табан аудармай, табандылықпен жұмыс істеп келеді. Бәріміз қадірлеп, мақтан тұтатын әріптес апайымыз мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Ляззат Жанбырбаеваның ұстаз ретіндегі біз үйренген тәлімі бір төбе, шәкірттеріне берген білімі мен тәрбиесі бір төбе. Ол жаңашыл ұстаз ретінде заман ағымына сай студенттерін жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, терең біліммен қаруланған тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді.
Ізденімпаз ұстаздың шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуінде. «Білім берудегі мен таңдаған педагогикалық ұстанымның негізгі мәні – студенттердің ой-өрісін жан-жақты дамыту, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және тәрбиелеу. Студентті жан-жақты дамыту дегеніміз, оның жан дүниесін, рухани өсуін, қабілеті мен дарынының өрістеуі, парасатты ой мен адамгершілік көзқарасының қалыптасуы. Міне, осы жолда шаршамай, талмай еңбектену менің басты мақсатым» деген қағиданы мықтап ұстанған Ляззат Жаңбырбаевнаның әлі де әріптестеріне үлгі болар қадір қасиеті мен студенттеріне берер білімі мол.
Жан дүниесіне үңіле қарасаңыз өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі.Риясыз жымиғанының өзі адамды шабыттандырып, керемет бір күйге бөлейді. Студенттерге айтатын ақылы: жоғары білімі бар туралы диплом алу сені ұстаз етпейді, адамды нағыз ұстаз ететін балалар. Нағыз шебер ұстаз болу үшін уақыт пен ыждағатты еңбек, балаға деген сүйіспеншілік керек. Осы ұлағатты жолда ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың мына сөздерін өзіне басшылық алатын: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады».
Айтқан ақылдарының бәрін тек студенттер ғана емес, өзіміз де әрдайым жадымызда ұстап, саналы ұрпаққа, сапалы білім мен тәрбие беру жолында еңбегімізді аямаймыз. Осындай тәжірибелі ұстаздан тәлім-тәрбие алып, қатар еңбек еткенім үшін өзімді ең бақытты ұстазбын деп есептеймін.
«Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы» – демекші, Ляззат Жаңбырбаевна бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне дұрыс бағыт-бағдар беруден жалыққан емес.
Ол ұстаздық қиын да, дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы ана, ақылшы ұстаз – әлі де ізденіс үстінде.
Дүниедегі ең қасиетті тілің мен тарихыңа, ұлтың мен әдебиетіңе жетер еш байлық жоқ. Бабалар аманатын болашақ ұрпақ зердесіне жеткізіп, көздің қарашығындай сақтай білуге шақыру – әрбір тіл маманының парызы, әрі студенттерінің жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отырып, білім беру – ХХІ ғасыр ұстаздарының еншісінде тұр.
Еш жалықпаған ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері – жан-жақты білімді, ой-өрісі биік, өз мақсаттары айқын, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз. Өзінің шәкірттеріне еңбектеніп, тер төгіп, адал жолмен табыс табу қабілетін дарыта алатын ұстаз өте үлкен құрметке бөленуге тиіс. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанға не жетсін.
Ляззат Жаңбырбаевна мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Жүрегінде мейірім бүршік жарған өзіңізге арнаған ізгі тілекті
Жүрсінбек Батырәлі ақынның өлеңімен аяқтағым келеді.
Біз танитын бір жан жүр жанымызда,
Бағалайық, сыйлайық барымызда.
Ляззат апай көзіне мейір тұнып,
Алаңдаумен келеді жолымызға.
Ұстаздық өнегесін үлгі етеміз,
Әрқашан тек сыпайы тілдесеміз,
Қасында бірер сағат отырыңыз,
Егер менің сөзіме сенбесеңіз.
Биік қойған иманын, ар-ибасын,
Аузынан тастамайды кәлимасын.
Керек кезде ақылын сарқып төгер,
Теңіздей біліміне таңғаласың!
Әділдік пен жомарттық бойында бар,
Ортасында әр ісі мойындалар.
Өзі зерек, тыңдампаз һәм ақылды,
Әр шешімі жүректе пайымдалар.
Білемін Ляззат апай дара туған,
Көздері тұңғиықтан жаратылған.
Келінталдың бұтағы секілденіп,
Бұрымы жерге дейін бұратылған.
Сұлу да, сымбатты бұл апайымыз,
Мұңаймай әрқашан да марқайыңыз.
Құдайдың ғұмыр берген жасын жасап,
Ортамызда әдемі боп қартайыңыз.
Гүлжан АЛТЫНБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті,
филология ғылымының кандидаты.
Самый честный, человечный и трудолюбивый преподаватель! 💗💗💗
Преподаватель и Человек с большой буквы!
Профессионал своего дела, воспитавший не одно поколение студентов -Ляззат Жанбирбаевна!🌸🌸🌸😍❤️
Выражаю огромную благодарность за знания, внимание, отзывчивость, позитив и профессионализм Ляззат Жанбирбаевне! Самый прекрасный преподаватель🙏🏿😍