Адам — табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат пен адам қатар ұғым. Адамсыз табиғат, табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Адам табиғатты қасиет тұтуы керек. Өйткені табиғат тіршіліктің құт — берекесі.
Қоршаған ортаны таза ұстау — әр адамзаттың міндеті. Жаһандық экологияға үн қату, оны барынша насихаттау елдің ертеңгі болашағы үшін маңызды істің бірі. Әр адам тазалық пен тәртіпті өз айналасынан, қоршаған ортасынан бастаса елге деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі болары анық.
Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер жатады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Табиғат байлықтарын сақтау жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың өмірі мен қызметін, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуының және әл-ауқатын арттырудың негізі болып саналады.
Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Туған жер — әрбір адамның киелі мекені. Тарихы тереңнен бастау алатын Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылы жылдан-жылға көркейіп, ажарлана түсуде. Жолдар жөнделіп, ауыз су жүйесі тартылуда. Тал-дарақтар егіліп, саябақтар қатары толыға түсуде. Халық саны да артып келеді. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауданымыздың аумағы кеңейе түсуде. Алайда өңірдің тазалығын сақтауға келгенде немқұрайлық танытып жатқанымыз өкінішті-ақ.
Тазалық — баршаға ортақ іс. Ауылымыздың таза да көрікті болуы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге тығыз байланысты. Оған үлес қосу — әр тұрғынның міндеті деп білеміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, оған жергілікті әкімшіліктің, оған жауапты мекемелердің шаруасы деп қарамай, өзіміз тұратын үйдің төңірегін, көшемізді тазалап отырсақ — өңіріміз ажарлана түспей ме? Өйткені елдің мәдениеті, әдептілігі, жауапкершілігі, өзін-өзі сыйлауы тазалық шараларынан айқын көрініс табатындығы айдан анық.
Тазалықпен айналысатын мекемелердің, ақылы қоғамдық жұмысшыларының ықпалымен көптеген көшелер тазаланып жатыр. Осыған қарамастан сол көшелерді тұрғындар қайтадан ластауда. Ауласынан шығарылған қоқысты тазаланған арықтарға, Талас жағасына, одан қала берсе, кез келген жерлерге апарып төгетін жағдайлар да жиі кездеседі. Бұндай әрекеттер ұсақ құқық бұзушылыққа жататындығын ескере бермейді.
Ауылдың тазалығын сақтау — бүгiнгi күннiң басты талабы. Ауылды таза ұстау мәселесi арнайы мамандарға да, ауыл тұрғындарына да жүктелген мiндет. «Ауыл көркі – өз көркің» деген сөздің түп төркіні әр ауылдың, әр елді мекеннің ажары оның әрбір тұрғынына, ондағы үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарына қатысты екенін аңғартады. Сарыкемер ауылының, оның көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет деп санаймыз. Сондықтан әрбір тұрғын өзі тұрған көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізсе, дер кезінде күл-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Асима Қарымсақова,