Күн сайын кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан мекеніміздің ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан да тазалық – қоғамдағы маңызы зор мәселе болып табылады. Себебі, қоршаған орта мен экологиялық тазалық – тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Қоршаған ортаны таза ұстаумен қоса, біз өзіміздің, балаларымыздың денсаулығы дұрыс болуына жағдай жасаймыз. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек.
Осы орайда Келес ауданында санитарлық тазалық шарасы ұйымдастырылды. Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасы негізінде өңірде әр аптаныңы сенбісі тазалық күні болып белгіленген. Аудан әкімдігі тарапынан жұмыс жоспары дайындалып, елді мекендер аумағында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Әкімшілік қызметкерлері, мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылар мен ауыл тұрғындары қатысуымен өткен сенбілік барысында мекемелер аумағы, ауылішілік көшелер, ескерткіштер аумағы күл-қоқыстардан тазартылды.Сонымен қатар Республикалық, облыстық мәндегі жол бойындағы және ауылдағы орталық саябақтағы тал-дарақтар ақталып, жол бойындағы қоқыстар жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
— Келес ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан шекаралық аймақ болып табылады. Бұл өз кезегінде ауданымыз арқылы өтетін жолаушылар мен келетін қонақтар алдымен тазалыққа мән береді. Дегенмен, көліктермен өтетін аудан тұрғындары қаптармен қоқыстарды жол бойына жиі тастап (шашып) кетуі орын алуда. Сол себепті осы бағытта жол жүруші тұрғындардан тазалықты сақтауды сұраймыз, — дейді аудандық ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев.
Айта кетейік, ауылдарда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін аптасына арнайы тасымал ұйымдастырылған. Ауылдардың тазалығына жауапкершілікпен қарап, аула сыртына қоқысты төкпеуге, бұл үшін айыппұл салынатындығын тұрғындарға ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – баршамыздың басты борышымыз.