Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай
И.Батыршаев соғыста батыр, билікте батыл басшы болған
Ұлы Отан соғысында от кешіп, жаудың шебін бұзып, ерлік жасап, 1945 жылы Берлин үшін шайқаста ауыр жараланып, содан кейін Уфа қаласында ұзақ емделіп, елге оралған Изатулла Батыршаев туралы жазу бізге парыз деп білемін. Изатулла Рахматуллаұлы 1923 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Зымырап жатқан уақыт демекші, И.Батыршаевтың туғанына биыл 100 жыл толады! Осыған орай, соғыста батыр, бейбіт өмірде батыл басшы болған беделді алқа төрағасы И.Батыршаев туралы біз айтып, біз жазбасақ, басқа кім айтып, кім жазады?.. Изатулла атамыз 1941 жылы Шымкентте қазақ мектебін бітірген соң, әскерге шақырылып, Орта Азия әскери округіне қарасты Ферғана-дағы ұшқыштар дайындайтын авиамектепте курсант болады. Содан кейін, 1942 жылы Воренеждегі әскери байланыс училищесінің жедел-детілген курсын аяқтаған соң, Москва әскери округіндегі 1-ші дербес байланыс полкіне взвод командирі ретінде майдан шебіне жіберіледі. И.Батыршаев төрт жыл бойы сұрапыл соғыста бораған оқ пен лаулаған өрттің арасында атқыштар бөлімін басқарып жүріп, әскерилердің бір-бірімен өзара байланыстарын ұйымдастырады. Жөргегінде бесік жырын тыңдап, өсе келе батырлар туралы дастанды оқып өскен Изатулла атамыз қан кешіп жүріп, өмірдің қатал сынынан өтеді. Осылай оқ пен отқа еті үйренген жауынгердің Отан алдындағы парызы оның қорқынышын ұмыттырып, фашист басқыншыларын талқандап-жоюға бар күш-жігерін жұмылдыруға жетелейді. Ол 1944 жылы 1-ші Украина фронты 250-ші атқыштар дивизия-сының 1035-ші полкіне штаб байланыс взводының командирі болып тағайындалады. Сөйтіп Украинадан Берлинге дейін қырғын соғыс пен күндіз-түні зуылдаған оқтың ортасында жүріп, дивизия мен полк арасындағы жедел байланысты ұйымдастырып, командирлерге маңызды хабарларды дер кезінде жеткізуді қамтамасыз етіп отырады. Атқыштар дивизиясында болғандықтан, көп жағдайда өзінің де жаумен бетпе-бет шайқасқа түсуіне тура келеді. 1945 жылдың сәуір айында әуе шабуылдары Берлинге қарай бет алып, соғыстың соңында жаумен қиян-кескі арпалыс жүріп жатқанда, Орталықпен байланыс үзіліп қалады. Осындай сын сағатта 22 жастағы Изатулла жолдастарымен әскери ұшаққа отырып, аса қауіпті сапарға аттанады. Сенімді ақтап байланысты қамтамасыз еткенімен, ұшақтағы жауынгерлер ауыр жарақаттанып, сол қатарда бұл да жарақаттың азабын бір адамдай тартып, Уфадағы әскери госпиталда ұзақ емделеді. Майданда көрсеткен ерліктері үшін алған «Қызыл Жұлдыз» ордені мен он медалін кеудесіне тағып, И.Батыршаев елге аман оралады. Туған жерге келген соң Ташкенттегі Заң институтына түсіп, оны 1950 жылы бітіріп алғашқы еңбек жолын Қаратас аудандық партия комитетінен бастап, кейін Шымкент қалалық және Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеттерінде сегіз жылдай қызмет атқарады. Изатулла Рахматуллаұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшелігіне сайланып, тоғыз жыл төрелік етеді. Содан кейін 1967 жылы Шымкент облыстық соты төрағасының орынбасары болып тағайындалып, көп жылдар бойы әділ қазылық етіп, 1983 жылы абыройымен зейнеткерлікке шығады. Қай қоғамда болмасын би болу, судья болу оңай болмаған. Кешегі кеңестік заманда ҰОС-нан кейін бидің жүгін көтеріп, төреші болып, бүкіл саналы өмірін сот саласына арнаған судьяларымыз аз емес. Олар бұрынғы қазақ билерінің өшпес ізін жалғап, кешегі қылышынан қан тамған Компартияның тұсында да ақыл мен арды тең ұстап, төрелік етудің нәтижесінде халықтың құрметіне бөленгені, соның жарқын дәлелі. Сондай беделді судьялардың қатарында ҰОС-ның ардагері Шымкент облыстық сотында алқа төрағасы болған И.Батыршаевты да айтуға болады. Ол өзінің алған мамандығы бойынша сот саласында тапжылмай 25 жыл судья, алқа төрағасы лауазымында жүрген кезінде, оның алдынан мыңдаған істер өтіп, заң аясында әділ шешімін тапқан. 1970-80 жылдары Изатулла Рахматуллаұлының қол астында қызмет істеген бірнеше әріптестерімен тілдескенімде, олар оның ширек ғасыр бойы әділеттілікті орнатуға бар күш-жігерін жұмсағаны жөнінде және алқа төрағасы кезіндегі жақсы қасиеттерін терең толғаныспен және өте бір ризашылықпен еске алды. Сөз арасында олар әділдіктің туын биік ұстап өткен, әділ әрі батыл басшы бола білген И.Батыршаевтың туғанына биыл 100 жыл толатыны туралы жергілікті басшылар мен жұртшылықтың білгендері дұрыс болар еді дейді. Шымкент қаласының Құрметті азаматы, ардагер судья, ақсақал Өмірбек Темір, ұзақ уақыт алқа төрағасы болған И.Батыршаевтың алғырлығы мен білімділігін, қазақ, орыс тілдеріне жетік екендігін, қызметкерлерге ақыл-кеңес беруден жалықпайтын және ақты ақ, қараны қара деп айтатын батыл әрі әділ басшы болғандығын атап өтті. Ертеректе Келес аудандық сотының төрағасы болған, бүгінде ардагер ағамыз Өміртай Қалықұлов өз сөзінде, оның ашық-жарқын, өте білікті және әр іске қатысты алқа төрағасы ретінде өзінің пікірі бар екендігін, ал кейбір істер бойынша бұра тартқандарды жаратпайтынын, барлық уақытта әділдікті жақтайтын нағыз басшы болғанын баса айтты.
Кезінде И.Батыршаевпен азаматтық алқада қатар істеген, кейін Шымкент қалалық сотында төраға болып еңбек еткен, ардагер судья Базарбек Уалиханов, оның 1970-80 жылдары облыста азаматтық құқық саласындағы заңды жетік білетін мықты цивилист екендігіне, тура сөйлеп, тура жүретін, әділ әрі талапшыл алқа төрағасы болғанына, істерді қарағанда, оған заңдық және адамгершілік тұрғысынан да мән беретініне тоқталды. «Мысал ретінде айтсам, 1980 жылы Алғабас аудандық соты 30 килограмдай жүгерінің собығын ұрлаған адамды, тағы бір ауданда 100 кг. картоп ұрлаған біреуді қамаған тұғын. Сол істерді апелляциялық алқада өзі қарап, облыстық соттың қаулысымен екеуін де босатқаны есімде. Тағы қосайын дегенім, «Изатулла аға 1-топ-тағы мүгедектігіне қарамастан, жұмысты жан-тәнімен беріліп істейтін, екі сөйлемейтін ер мінезді ерекше адам еді! Басшы ретінде әрдайым жастарға жанашырлық танытып, оларды қолдап, білмегені болса үйрететін. Қазірге дейін сол судьялар И.Батыршаевты ұстаз санап, оны мақтан тұтып, құрметтейді.» — деді Базекең. Шымкент қалалық сотының мұражайында ҰОС-нда батыр, одан кейінгі бейбіт өмірде Шымкент облыстық сотының судьясы, алқа төрағасы болған И.Батыршаевқа арналған арнайы бұрыш бар. Ол жерде Изатулла Рахматуллаұлының өмірі туралы түрлі құжаттар мен естелік фотосуреттер жинақталған, олар тарихтан сыр шертеді. Сонымен қатар, Шымкент қалалық сотының алдында 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, сол тқстағы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың бастамасымен орнатылған Даңқ Тақтасы бар. Ол гранит Тақтада ҰОС-на қатысқан 24 судьяның аты-жөні алтын әріптермен жазылған. Солардың қатарында Кеңес Одағының Батыры С.Әшіров пен Т.Қауымбаев және 1960-80 жылдары Шымкент облыстық сотының төрағасы болған Н.Төлендиев пен алқа төрағасы болған И.Батыршаев, тағы басқа судьялар бар. Бiз барша ардагерлердi әрдайым мақтан етіп, құрмет тұтамыз және олардың ерлiктерiне тағзым етiп, басымызды иемiз!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.