19 наурыз күні елімізде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Онда партиялар арасынан «AMANAT» партиясы сайлаушылардың 53 пайыздан астамының даусына ие болып, айқын жеңіске жетті.
Осы тұрғыда партияның өзі үгіт-насихат жұмыстарын қалай өткізді?
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филилалының саяси бөлім басшысы Ербол Байқонысовтың мәліметінше, ақпараттық-насихат науқаны кезеңінде партияның Шымкент қалалық филиалы жанынан қалалық сайлауалды қоғамдық штабы құрылған. Оның құрамында зиялы қауым өкілдері, партия жанындағы қоғамдық кеңес төрағалары, партия ардагерлері, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен тұратын 125 мүшесі болған.
– Жалпы қоғамдық штабтың жұмысын алдын ала жоспарлап, соған сәйкес 2231 іс-шара өткіздік. Нәтижесінде оффлайн форматта – 131 мыңға жуық, онлайн форматта 400 мыңнан астам азамат қамтылған. Бұл сайлаушылардың 85 пайызы деген сөз. Жалпы, Шымкент қаласында 330 сайлау учаскесі жұмыс істеген. Барлық сайлау учаскелерінде «AMANAT» партиясының және бір мандатты округ бойынша Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының атынан арнайы оқытудан өткен 1980 азамат сенімді өкіл және байқаушылар ретінде қатысты, – дейді Ерлан …ұлы.
Партия өкілінің айтуынша, үгіт-насихат жұмысы кезінде партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндіріліп қана қоймай, қала тұрғындары мен азаматтардың тілектері жазылып алынған.
– «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филилалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кандидаттардың азаматтардың қабылдау кестесі бекітіліп, онда сайлауға түсетін үміткерлер, партия мүшелері азаматтарды қабылдады. 2 айдың ішінде жалпы саны 62 қоғамдық қабылдау өткізіліп, қала бойынша 2581 ұсыныс пен талап-тілектер жинақталды, – деді Ерлан Байқонысов.
«AMANAT» партиясының мүшелері алдағы уақытта осы ұсыныстар мен талап-тілектерді басты назарда ұстап, сайлауалды бағдарламада қамтылған бағыттар бойынша жұмыс істемек.