Шымкентте өзбекстандық дәрігерлер тәжірибе алмасу мақсатында оңалту орталықтарында болды. Бүгін көрші елдің мамандандырылған терапия және оңалту ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының мамандары жергілікті оңалту орталықтарының жұмыстарымен танысты.
Жалпы қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді. Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді.
Өзбекстандық дәрігерлер орталықтардың жұмысымен танысқан соң, екі жақты меморандумға қол қойды. Екі елдің мамандары бұндай ынтымақтастық өзара кәсіби және гуманитарлық байланыс ара қатынасты тек нығайтып қоймай, медициналық туризмге де жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін айтты.