Ұлы Жібек Жолының жүрегі, ғасырлар бойы елдер арасындағы іскерлік, сауда, саяси және мәдени қатынастар орталығы болған Түркістанда Наурыз мерекесі жылда ерекше аталып өтеді. Биыл Түркістанда 20-22 наурыз күндері І «KAZAGRO/ KAZFOOD TURKISTAN» халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербұлан Жәнібеков мәлім етті.
Басқарма өкілінің айтуынша, Наурыз мерекесінде 3 күн бойы өтетін халықаралық іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Венгрия бастаған жалпы 20-ға жуық мемлекеттен делегациялар келіп қатысады деп жоспарланып отыр. Ол шарада бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелер талқыланады. Бірінші, сапалы тұқым шаруашылығы, тұқыммен қамтамасыз ету. Екінші, су үнемдеу технологиясы. Қазір Орта Азияда су тапшылығы байқалып отыр. Үшінші, Түркістан облысында ет шаруашылығы, етті экспорттау технологиясы. Оны қалай дамытамыз, осы тақарыптар жан-жақты зерделенбек.
Сонымен бірге көрме-жәрмеңкеге еліміздің барлық өңірінен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, инвесторлары, тауар өндірушілері қатыспақ. В2В форматында кәсіпкерлер көзбе-көз әңгімелесіп, тәжірибе алмасады. Онда «Қазақстан» брендімен елімізде жасалған ауылшаруашылық өнімдерінің көрмелері өтеді.
– Биылғы Наурыз мерекесі мәдени және іскерлік іс-шараларға толы болмақ. Атап айтқанда «Керуен сарай» СОО-да «KazAgro/KazFood Turkistan2023» бірінші халықаралық сауда көрме-жәрмеңкесі өткізіледі. Көрме-жәрмеңкені Түркістанда өткізудің де ерекше мәнісі бар. Себебі, Түркістанның тарихы тереңде, ол – Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда орталығы. Тарихи және туристік орындары көп. Оның үстіне, Наурыз мерекесін ұйымдастыруға осы аймақта ауа райы өте қолайлы. Осы көрме аясында қатысушылар іскерлік байланыстар орнатып, бизнес-келісімшарттар жасайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін дамыту саласындағы жаһандық тақырыптарға арналған «Agro-Forum» Uly Jibek joly Turkestan-2023 Халықаралық ауыл шаруашылығы форумымен жалғасады. Түптеп келгенде, шетелден және елімізден жүздеген өкілдердің келуі өңірде туризм саласын дамытуға серпін берері анық, – деді Ербұлан Әуелбекұлы.
Халықаралық көрме аясында Түркістанда өңірлер мен түркі елдерінің қатысуымен іс-шаралар өтеді. Ұлыстың Ұлы күні атап өтіліп, гастрофестиваль, қайықтар және отшашулар шоуы, ұлттық спорт сайыстары, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұсынылады. Этноқалашықта мазмұнды іс-шаралар өтеді. Агрофорум ұйымдастырылып, шаруа қожалықтарында тәжірибе алмасу турлары да жоспарланған.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен Түркістанда 23 наурыз күні асыл тұқымды мал (ірі қара) көрмесі өтеді. Онда жеңімпаздарға арнайы сыйлық тағайындалып отыр. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» кешені маңайында үш күн бойы түйелер шеруі, мерекелік жәрмеңкелер думанды шараның сәнін кіргізбек.
Атап өтейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен бөлек, Наурыз мерекесі Түркістан облысында 10 күн бойы өтпек. Мереке күндері өңірде қайырымдылық пен ізгілікке толы шаралар өтіп, қазақы салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған түрлі атаулы күндер ұйымдастырылмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.