Түркістан облысындағы көпбалалы аналарға 8 наурыз — халықаралық әйелдер мерекесіне орай жергілікті бюджет есебінен бір реттік жәрдемақы төленді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.
Оның ішінде Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Шардара аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында тұратын 58 323 көпбалалы анаға жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай 2-3 айлық есептік көрсеткіш есебінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.
Бір реттік жәрдемақы еліміздің Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Абай өңірлерінде де көпбалалы аналар мен атаулы көмек алатын отбасыларға төленеді. Бұл төлем жәрдемақы алып жүрген азаматтардың шотына автоматты түрде аударылады.
Түркістан облысында 176 735 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15076 ана «Алтын алқа» алқасымен, 43247 ана «Күміс алқа» алқасымен марапатталған. Сонымен қатар «Ана Даңқы» орденімен 3847, «Батыр ана» орденімен 2528 және төрт және одан да көп баласы бар 112037 ана тіркелген.
Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 22 080 теңге көлемінде өмір бойы ай сайынғы төлем қарастырылған.
Айта кетсек, 2023 жылдың қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Облыста барлығы 21 347 ана 1,5 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысады. Оларға күтім бойынша 1 балаға 19 872 теңге, 2 балаға 23 495 теңге, 3 балаға 27 083 теңге, 4 және одан да көп бала үшін 30 705 теңге жәрдемақы төленеді.
Түркістан облысының Өңірлің коммуникациялар қызметі