Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының алдындағы үгіт-насихат кезеңінің екінші аптасы да түгесіліп келеді. Өткен аптада саяси партиялар өткізген шаралардың маңыздыларына шолу жасап көрейік.
Партиялар пікірсайысы
Бұл аптада Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партияның өкілдері «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде пікірсайысты.
Бірінші болып сөз алған «Amanat» партиясының хатшысы Елнұр Бейсенбаев барлық мәселені популистік ұран емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан шешуге күш салатындарын айтты.
«Олигополияға жол бермей, ондағы барлық мәселені бірге талқылауымыз керек деп есептеймін. Жемқорлық түбімен жойылуы тиіс. Сонымен қатар әр отбасының, әр азаматтың табысын арттыруға атсалысумыз қажет. Әр отбасының табысын арттыру үшін біз лайықты жалақыны ілгерілетеміз. Сонымен қатар 100-деген кәсіпорын ашамыз», — деді партия хатшысы.
Ал «Ауыл» партиясы ауылдағы еңбек адамының мәртебесіне назар аудартпақшы.
«Қазір ауыл шаруашылығында проблема баршылық. Біріншіден, қарапайым еңбек адамының мәртебесіне назар аудару керек, яғни жұмысшылардың жағдайын жасау маңызды. Олардың қатарында мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешіп жүрген қарапайым инженерлер, механиктер, комбайншылардың, малшылардың, құрылысшылардың мәртебесін қайта қарау қажет. Атап айтқанда, осы салалаларда жүрген адамдар қоғамда құрметті орнын алуы керек», — деді Ж. Дайрабаев.
Ауылдағы орта білімнің деңгейін қаламен теңестіріп, еңбекқор адамдарға лайықты айлық төлеу, жағымпаздық пен жемқорлықты жою Respublica партиясының басты бағдары болмақ.
«Екіншіден, ауылдағы орта кәсіпті өлтіріп тастаған деуге болады. Орта кәсіпке ешқандай жағдай жасалмаған. Орта кәсіпкерлердің өз күші мен ұмтылысы ғана бар. Сондықтан орта кәсіпті дамытуға еңбектенеміз. Еңбекқор адамдардың жалақысы бағаланбай жатыр. Ауылдан келеді де қалада жұмыс істеп, 70 мың теңге алады. Оған күн көру мүмкін емес. Сондықтан еңбекқор адамдарды бағалауымыз керек», — деді партия тең төрағаларының бірі Сырымбек Тау.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаевтың айтуынша, қазақстандықтардың өмір сапасы стандарттарын енгізу қажет.
«Ол қазіргідей тұтынушылық себет қана емес, дәрі-дәрмекпен, демалыспен қамтылуы керек, тамақтануы, киімі, басқасы да бар. Бұл стандарттың сақталуына барлық министрлікті міндеттеу керек. Екіншіден, олигархиялық жүйеден арылу керек. Қазақстанда бәрі болса да, еліміз кедей тұрады. Өйткені бақылау жоқ, байлықты мемлекетке қайтару керек», — деді ол.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Азаматхан Әміртаев жергілікті өзін-өзі басқару органдары туралы жаңа заң қабылдау қажет екенін айтты,
«Бүгінгі таңда әлеуметтің жергілікті басқару жүйесімен байланысы жоқ. Сол үшін жаңа заңды тез арада қабылдауымыз керек. Егер біз парламентке баратын болсақ, жергілікті өзін-өзі басқару заңын қолға аламыз. Сол арқылы біз жергілікті халықтың билікке дауысы жететіндей етіп жасаймыз», — деді партия жетекшісі.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі Берік Дүйсембинов мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеп, кәсіпкерлікті қолдау қажеттігін айтты.
«Өкінішке қарай, бізде нақты экономиканың орнына слайд көрсетеді. Халықтың қаржысы шығындалған кәсіпорын, бағдарлама суға кетіп жатыр. Біздің мақсатымыз осыны нақты қайтару. Ол дегеніміз не? Экономиканы ырықтандыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу, кәсіпкерлікті қолдау», — деді ол.
Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков өздерінің басты мақсаты ел билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құру екенін атап өтті.
«Мәжіліс пен мәслихаттарға нағыз билікті қайтару. Аудиторлар палатасын және заңды дайындайтын институтты Мәжілістің құрамына енгізу. Атқарушы билік аты затына сай болып қалу керек. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тіл мәселесін шешу жолында қандастарды қолдап отырған жалғыз партиямыз», – деді Асхат Асылбеков.
«Байтақ» партиясы дәрігерлердің ортасында
1 наурызда «Байтақ» партиясынан Мәжіліс пен Астана қаласы мәслихатының депутаттығына ұсынылған кандидаттар трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігерлерімен кездесті. Кездесу аясында партияның құндылықтары, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған жобалар талқыланды. Партия өкілдері келтірген дерекке сүйенсек, елімізде жыл сайын 37 мыңға жуық адамға қатерлі ісік диагнозы қойылып, оның 13 мыңы аурудан қайтыс болады.
«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай қоршаған ортаның денсаулыққа тікелей әсер бар екенін айтып, жасылдар партиясы бұл мәселені өзінің басты тұғырнамасынан алғанын еске салды.
«Адам үшін денсаулықтың маңызы қаншалықты екенін медицина мамандарынан артық ешкім білмейді. Сондықтан біз ақ халатты абзал жандармен тікелей байланыста болғымыз келеді. Аурухандан емделіп шыққан адам қайтадан емхана төсегіне таңылмауы керек. Біз соның жолында еңбек етуіміз қажет. Бұл да біздің партияның басым бағыттарының бірі», — деді Азаматхан Әміртай.
«Respublica» партиясы Қостанайда
Respublica партиясының мүшелері Қостанайдың ірі өндірістік кәсіпорындарындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Наумова сондай кездесулердің бірінде еліміздегі инклюзивті қызметтердің қордаланған проблемаларын көтерді. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдар қоғам өмірінің көптеген салаларына интеграцияланбаған.
«Мен күн сайын өзіме көптеген кедергілерге куә боламын. Өкінішке қарай, ел астанасында да мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмаған. Отандастарымыз күн сайын түрлі мекеме, ғимараттардың мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлап жасалмауы дейтін проблемамен тап келіп жүр», — деді Д.Наумова. Мәжіліс депутаттығына кандидат бұл мәселені кешенді жолмен шешу керек деп есептейді. Кездесуден кейін партия өкілдері қостанайлықтарға белсенділік танытып, шараға келгендері үшін алғыс білдірді.
«Ақ жол» партиясы Оралда
Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штабы Оралдағы «Модисал» жиһаз цехының ұжымымен кездесті. Цехтың жұмысымен танысып болғаннан кейін партия өкілдері кездесуге жиналған халықтың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар жастарды кәсіпкерлікке бағыттау, азық-түлік бағасының өсуі, ауылдан үдере көшкен жастарды қолжетімді баспанамен қамту мәселелерін көтерді. Партия төрағасы «Ақ жол» демократиялық партиясы шағын және бизнеске патенттер енгізуді және патент өлшемдерін арттыруды ұсынатынын атап өтті. Нарықты отандық тауарлармен қанықтыру арқылы бағаның өсуін тежеуге болатыны да айтылды. Кездесу соңында «ақжолдықтар» партия бизнесті қолдау бағытындағы жұмысынан танбайтынын ерекше атады.
Мәжілістің бұған дейінгі шақырылымдарында «Ақ жол» фракциясы жастарға арналған қолжетімді баспана мәселесін бұған дейін депутаттық сауалдар арқылы көтергені айтылды. Партия төрағасының айтуынша, аталған депутаттық сауалдарда жастарға арналған тұрғын үйлерді шағын етіп салып, астыңғы қабаттарда оқу орталықтары мен тігін цехтары, шеберхана сияқты жұмыс орындарын ашу сияқты ұсыныстар айтылған. «Ақ жол» өкілдері жастарды баспанамен қамту мәселесін осы тәсілмен шешу туралы ұстанымынан әлі айнымағаны да айтылды.
«Ауыл» партиясы ауызсу мәселесіне алаңдаулы
«Ауыл» халықтың демократиялық партиясының атынан сайлауға түсетін үміткерлер елдің солтүстігіндегі үш өңірін ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Есіл су» РМК ұжымымен кездесті. Құрамына Булаев, Есіл, Соколов, Преснов су құбырлары кіретін «Есіл су» РМК Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарының 250-ге жуық елді мекенін, 200 мыңға жуық тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Кездесу аясында үміткерлер әлемдегі таза су тапшылығы туралы жалпы мәлімет беріп, үш өңірдің халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін кәсіпорындардағы қызметкерлердің жұмысы қаншалықты маңызды екені туралы пайымдарын айтты.
«Сіздер қызмет көрсететін су құбыры әлемдегі ең ұзын су құбыры ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. «Ауыл» партиясының басты мақсаттарының бірі – еңбек адамына, яғни сіздер сияқты еңбекқор азаматтарға құрмет көрсету», — деді «Ауыл» партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидат Қайрат Айтуғанов.
Кәсіпорын ұжымы «Ауыл партиясы өкілдерінің уәждерін ден қойып тыңдап, өз ойларын да айтты.
«Amanat» партиясы ауылмен бірге
«Amanat» партиясының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар МТС Агро» ЖШС базасында өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілермен кездесті.
«Ауылда агроөнеркәсіп кешенін дамытып, өмір сүру сапасын арттыру бір-бірімен тығыз байланысты. Біз ат басын бұрған өңірдің бәрінде шаруа адамдарымен кездесіп келеміз. Сіздер ауылда жұмыс орындарын құрып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер. Біздің партия жермен жұмыс істеп, ел құрметіне бөленемін, табысты өмір сүремін деген әрбір қазақстандыққа жағдай жасайды», — деді «Amanat» төрағасының төрағасы Ерлан Қошанов.
Ол алдағы бес жылда партия аграрлық саланы субсидиялау жүйесін жетілдіріп, жемшөп өндірісін дамытуға, сондай-ақ мал шаруашылығының бүкіл өндіріс тізбегінде жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерін шешуге ықпал ететіндерін айтты.
Көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде фермерлерге жеңіл бағамен жанар-жағармай бөлудің ашық және әділ тетіктері енгізілетіні айтылды. Соның арқасында егін шаруашылығында өнімділікті арттырып, салада өңделген өнімнің үлесін өсіру көзделген.
ЖСДП жоғары білімді тегін етпекші
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшелері білім беру жүйесі мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Мәжіліс депутаттығына үміткер Мақсұт Насибулов ЖСДП бағдарламасында жоғары білім болу керектігін айтылғанын еске салды.
Статистикаға сүйенген, спикер жыл сайын елдегі мектептерден түлеп ұшқан 60 мың оқушы жоғары білімді шетелден алуға мәжбүр.
«Білім беру мекемелерінде емтихан нәтижесін сатып алу тәжірибесі кең таралғаны жасырын емес. Осы себепті сапалы білім туралы айтудың қажеті жоқ шығар. Мұның бәрі біздің экономикамыздың ақсауына әкеледі. Барлық салада мамандардың тапшылығы сезілуде», — деді Мақсұт Насибулов. Сонымен қатар, ЖСДП өкілдері мемлекеттік тілді дамытуға мемлекет тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр деп есептейтіндерін жеткізді. Партия атынан сайлауға түсетін үміткерлер кездесу барысында айтылған проблемалардың бәрін Мәжіліс пен мәслихат мінберінде шешуге күш салуға уәде берді.
Қазақстан Халық партиясы көпбалалы аналармен бірге
Қазақстан Халық партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған Гаухар Танашева Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Спикер Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпбалалы аналар мәселесіне кеңінен тоқталды.
Партия өкілінің өзі де көпбалалы ана екенін, сондықтан әйелдердің жанайқайын жақсы білетінін айтты.
«Мен — «Қазақстан аналар бірлестігі» қорының жетекшісімін. Негізгі мамандығым – дәрігер кардиолог. Ал өмірде көпбалалы анамын. Сондықтан ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған және жалғысбасты аналардың мәселесін жақсы түсінемін», – деді ол.
Айтуынша, Халық партиясы Үкіметке ауылдарда көпбалалы отбасыларға арнап тегін баспана салу бағдарламасын ұсынбақшы. Соның арқасныда қалада баспанасыз жүрген азаматтарды ауылға оралтпақшы.
«Біздің партия атаулы әлеуметтік көмекті түбірімен жойып, оның орнына әр балаға 70 000 теңге көлемінде жәрдемақы төлеу дұрыс деп есептейді. Қазір әр балаға ай сайын небары 13 826 теңге ғана төленеді», – деді спикер.
Кандидат мемлекет көпбалалы отбасылардың балаларына жоғары оқу орындарынан грант ұсынып, тегін жатақханамен қамтамасыз ету керек деп есептейді. Ал мүгедектігі бар бала асырап отырған және жалғызбасты аналарға арнайы жалақы белгілеу туралы ұсыныстар көтермекші.