Түркістан облысы бойынша сайлаушылардың саны 1 176 138 адамды құрайды. Сондай-ақ, 318 сайлау округі, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлау жөніндегі бірмандаттық 3 сайлау округі, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 23 сайлау округі, қалалық 44 және аудандық 248 сайлау округтері құрылған.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, облыста 941 сайлау учаскесі, оның ішінде 26 (жабық) сайлау учаскесі бар. Облыстағы сайлау комиссияларының жалпы саны — 1274, оның 18-і — аумақтық сайлау комиссиялары, 315-і — округтік сайлау комиссиялары.
Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша құрылған 3-округтік сайлау комиссияларының шекаралары Сауран, Түлкібас, Шардара аудандардың шекараларымен тұспа-тұс келуіне байланысты округтік сайлау комиссияларының өкілеттіктерін осы аудандардағы аумақтық сайлау комиссиясы жүзеге асыруда.
Өңірдегі сайлау комиссияларының 8070 мүшесі бар, оның 126-ы облыстық аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының мүшесі болса, 1575-і — округтік және 6369 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 19 наурыз – сайлау күні. Мәжіліс биылғы сайлаудан бастап аралас жүйемен жасақталады. 69 депутат партиялық тізім бойынша, 29 депутат бірмандаттық сайлау округы бойынша сайланады. Ал, мәслихат депутаттары облыс, ел астанасы мен республикалық маңызы бар қалаларда жартылай партиялық, жартылай можаритарлық жұйемен сайланады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі