Бүгін «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысты. Ол іс-шара барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Атқарушы хатшы қазіргі таңда партия өз сайлауалды бағдарламасын әзірлеп жатқанын жеткізді.
🗣«Бұл жұмысқа Мәжілістің экс-депутаттары, партия жанынан құрылған кеңестердің мүшелері, білікті саясаттанушылар, экономистер тартылды. Ал сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады. Партияның Жарғысына сәйкес, бағдарламалық құжаттарды қабылдау Съездің құзырында. Жер-жердегі партияластардың талқылауынан және сарапшылардың талдауынан өткен сайлауалды бағдарлама алдағы Съезде қабылданады», — деді Е.Бейсенбаев.
✅Өз кезегінде, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек беру, кеңес беру жұмысын тоқтатты.
🗣«Азаматтардың талап-тілектері қоғамдық қабылдаулардан бөлек Call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz электронды үкімет порталы, сондай-ақ, WhatsApp мессенжері арқылы қабылданады. Соңғы жеті-сегіз күнде біздің қоғамдық қабылдауларға 500-ге тарта ұсыныс-тілек келіп түсті», — деді Ә.Садырбаева.
Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс сайлауына ұсынылатын партиялық тізім қандай принциптер бойынша жасақталатынын атап өтті. Оның айтуынша, үміткерлерді таңдаудағы басты принцип: ашықтық, әділдік және жаңару.
🗣«Бүкіл процесс ашық өтеді. Біз барлық ұсынысқа ашықпыз, іріктеу процнсі әділ өтеді. Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар осы тізімге енуі керек. Оған қоса, әр түрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Өкілеттілік дегеніміз осы», — деді Атқарушы хатшы.
🗣«Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз. Бағытымыз – Әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, Тәуелсіздіктің баянды болуы», — деп түйіндеді Е.Бейсенбаев.