Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналинов мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші кезеңде банктер салық органдарына айына 100-ден астам аударым жасаған лауазымды тұлғалар туралы ғана ақпарат бере бастайды.
«Заңның белгіленген нормаларына сәйкес мобильді аударымдар туралы ақпарат бізге келеді. Жеке тұлғалар арасындағы ұялы байланыстардың барлығы тексеріле бермейді. Белгілі бір критерий бар. Тексеріс тек айына 100 немесе одан да көп аударымдар жасаған және ол жағдай үш ай қатарынан қайталанған жағдайда ғана болады», — деді Данияр Жаналинов.
Данияр Жаналинов тексеріс кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді. Бірінші кезең мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайларына қатысты басталады. Екінші кезеңде — 2024 жылы — квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері қосылады. Үшінші кезең 2025 жылы басталып, жеке кәсіпкерлер туралы мәліметтер беріледі, ал соңғы кезең 2026 жылы барлық Қазақстан азаматтарына тексеру жүргізіледі.
«Мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл жұмыс 2023 жылы басталатындықтан, бізде бұл ақпарат әлі жоқ. 2023 жылдан бастап жұмыс істей бастаймыз. Мен тағы бір рет қайталағым келеді, шарт бар — айына жүзден астам аударымдар және факт үш ай қатарынан қайталануы керек. Бұлай болмаса, бұл трансферттер бізге ақпарат ретінде келмейді», — деді Данияр Жаналинов.