Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті. Онда депутаттар Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің 2022 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. Қала әкімінің айтуынша, Шымкент қаласында биылғы жылдың 10 айында экономиканың негізгі салаларында өсім байқалған.
–Өнеркәсіп өнімінің көлемі 750,3 млрд. теңгеге жетіп, 6 пайызға өсті. Ал, инвестиция көлемі 18 пайызға, құрылыс жұмыстары 39 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 26 пайызға, бөлшек сауда көлемі 12 пайызға артты. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде экономикаға тартылған инвестиция көлемі тұрақты түрде артып келеді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оның айтуынша, өткен 4 жылдың ішінде қала экономикасына 1,5 трилиион теңге инвестиция тартылған болса, алдағы бесжылдықта 6 триллион инвестиция тарту жоспарланған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нақты жоспар жасалған.
Халық қалаулылары қала әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға берді. Сессия барысында депутаттар Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мұнан өзге де бірқатар мәселелерді қарап, тиісті шешімдерді қабылдады.
«Шымкент келбеті»
фото Серік Қосаев