Алғыс – адамның жүрегінен шығатын шынайы, таза ілтипат. Оны өтірікпен, жағымпаздық¬пен жылтыратып тапсырыспен жасап шығара алмайсың. Аяқтан тозып, талай есікті сығалап жүріп бітірген ісің нәтижелі болғанда жүрегің елжірейді екен.
Үш жылдан бері бітпей келген тірлігімді бітіріп, көңілімізге қуаныш ұялатқан Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Кентау қалалық заң кеңсесінің адвокаты Ақмарал ДЖАРКЕНОВА ханымға алғысым шексіз.
Оқиға былай болды. Жеңгем Райхан Ерсариева 2019 жылы Кентау қаласында үй жағдайында қайтыс болды. Қайтыс болғанын ешкім білмей қалған. Уақыт өткенде ешкімі жоқ адам ретінде белгісіздер мазаратына көмілген. Ұлы Орынбасаров Ержан әрекетке қабілетсіз болғандықтан, қайтыс болу куәлігін үш жылдан бері ала алмадық. Әрекетке қабілетсіз ұлы қайтыс болу куәліксіз мұра қабылдай алмайды.
Адвокат Ақмарал 2022 жылы қайтыс болу фактісін анықтауға қол жеткізді. Куәлікті алып, ұлын мұрагер етіп, заң бойынша мұраға құқық туралы куәлігін алып берді. Баламыз Ержан Орынбасаровтың құқығы бұзылмай, оның атына мұрасын қабылдатты.
Осынша біз үшін өте маңызды тірлікті ерінбей, білімділігімен іске асырған Ақмарал ДЖАРКЕНОВА ханымға алғысымыз шексіз!
Құрметпен Сарығаштан
Бекжан ОРЫНБАСАРОВ.
ҚАЙТА ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫМА ҚУАНАМЫН…
Түркістан қаласының тұрғынымын. Ұлтым қазақ. Алайда, құжатта өзбек болып жазылып кеткен. Байқамадық. Адам не нәрсе болса да басы тақалғанда жүгіреміз ғой. Қанша аяқтан тоздым. Бағыма Кентау қалалық заң кеңсесінің адвокаты Ақмарал ДЖАРКЕНОВА ханым кездесіп, тірлігім оң шешімін тапты. Заңдық маңызы бар фактіні анықтап, ұлтым өзбек болып қате жазылған жерінен дәлел құжаттармен дәлелдеп, ұлтымды қазаққа ауыстырып, соттан шешім шығарып берді. Сонымен, қайта қазақ болғаным үшін адвокат Ақмарал ханымға айтар алғысым шексіз. Осындай халық үшін еңбек ететін заңгерлеріміз аман болсын!
Набихан АТАБАЕВ,
Түркістан қаласының тұрғыны.