Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында Қазақстан денсаулық сақтау деңгейі бойынша 96 елдің ішінде 58-орынға тұрақтапты. Ал, еліміздің медицина және әлеуметтік қызметтер саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 74 млрд. теңгеге жеткен.
Finprom.kz сайтының жазғанына сүйенсек, бұл – Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, Numbeo рейтингінде еліміз денсаулық сақтау деңгейі бойынша 96 елдің ішінде 58-орынды иеленіп отыр. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның денсаулық сақтау индексі – 59,89. «Денсаулық сақтау индексі дегеніміз – денсаулық сақтау жүйесінің жалпы сапасына берілетін баға. Оның ішіне қызметкерлердің біліктілігі, еңбегіне алатын ақысы, көрсетілетін медициналық қызметтің құны да кіреді. Индексті есептеп шығару үшін Numbeo сайты кейінгі 36 айдың көрсеткіштерін негізге алады. Осылайша жылына екі рет рейтинг түзіліп отырады» деп түсіндіреді Finprom.kz.
Биыл бұл көшті Тайвань бастап тұр. Алғашқы үштікке Оңтүстік Корея мен Жапония кірген. Рейтингті Бангладеш, Венесуэла, Мальта сияқты елдер түйіндеген. Ал, 58-орында тұрған Қазақстанның денсаулық индексі көш соңындағы Мальтадан 19 ұпай жоғары. Қазақстаннан кейінгі 59-орынды Еуразиялық экономикалық одақтағы басты серіктесі Ресей федерациясы алады. Аталған одақтың өзге мүшелері де бұл рейтингтің төменгі бөлігінен орын тапқан. Армения 72-орынға, Беларусь 92-орынға тұрақтаған.
«2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік қызметтерге 73,7 млрд. теңге инвестиция салды. Бұл былтырғы кезеңнен 15,2%-ға артық және рекордтық көрсеткіш болып есептеледі» деп жазылған сараптамада.
Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігі саланы цифрландырудан қашып отырғанын айтып, сынаған еді.