Президент 2022 жылды — Балалар жылы деп жариялады. Мұндағы мақсат — өскелең ұрпақты қорғау бағытында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау. Қасым — Жомарт Тоқаев өз сөзінде балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз, — деп баса айтты. Президент бастамаларын қолдау бағытында жақында Түркістанда мүгедектігі бар балалардың денсаулығын жақсартуға қажет тегін оңалту орталығы ашылған болатын.
Аталған орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар 1 жастан 14 жасқа дейінгі науқас балаларды қабылдап, ақысыз ем-дом көрсете бастады.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы заманауи үлгіде салынған. Облыстық бюджет қаржысына ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, медициналық құрылғыларды алуға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсеткен.
Оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Түркістан қаласында тұратын емделушілер тәуліктік стационарда ем қабылдаса, шалғайдан келген науқастар осында орналастырылады. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар. Орталықтың ерекшелігі дерттің белгілерін ерте кезеңнен анықтап, оны емдеуді дер кезінде қолға алуға болады. Яғни, мұндағы соңғы үлгідегі аппараттардың мүмкіндігі мол. Ал, барлық ем түрі дәрігердің нұсқауымен, арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Австрия, Италия, Қазақстан және Ресейдің сынды мемлекеттердің науқастарды емдеудегі озық үлгілері енгізілген. Емдеу мекемесінде невролог, реабилитолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, псиолог, логопед, эрго-терапевт, дефектолог сынды білікті мамандар ем-дом шараларын жүргізеді.
Бүгінде орталықта ем алып, баласының дертіне шипа тапқан ата-аналар бар.
Солардың бірі Гүлмира Пернебекқызы (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред.).
— Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының Түркістаннан ашылғаны қуантады. Мұны мемлекет басшысының еліне, елінің болашағына деген қамқорлығы деп білемін. Менің баламнан тірек-қимыл жүйке жүйесі құрылымының бұзылыстары анықталды. Жылына бірнеше ем қабылдауымыз тиіс. Мұндағы мамандардың біліктілігі мен заманауи құрылғылардың мүмкіндігі мол екеніне көзім жетті. Қуантарлығы, ертеректе науқастар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы орталықтарға кезекке тұрып, жылына бір мәрте ғана емделетін болса, мұнда бірнеше рет ем қабылдай алады, -дейді ол.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша мұндай заманауи оңалту орталығы облысымызда алғаш рет ашылып отыр. Бұрын науқас балалар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жолдамамен жіберілетін болса, енді аймақтағы балалар осы жерге келіп реабилитация алады. Осындай мүмкіндіктің жасалғанына ата-аналар дән риза.
Елімізде жарияланған «Балалар жылына» байланысты Түркістан облысы әкімдігінің кешенді жоспары бекітілген. Жоспардың 3-бөлімінде балалардың және мүмкіндіктері шектеулі балалардың денсаулығын нығайту мен қорғау шараларын іске асыру жоспарланған. Балалардың денсаулығын жақсарту, мақсатында Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы балаларға арналған оңалту төсек орындарын көбейтуде. Қазіргі таңда 613 оңалту төсек-орны бар, соның ішінде балаларға арналған үш оңалту оталығы, бір шипажай мен екі «Қамқорлық» орталығы қызмет атқарып жатыр.