Ауылға бара жатқанда қол жүгімнің астыңғы жағында бір орамал жатады. Оның сол орынға жайғасып менімен бірге ауылға барып қайтып жүргені бір бұл емес. Бір жақсысы Жанар да (Жұбайым) не болса соған түртінектеп қалған бәлеқор қызғаншақ әйел емес. Сондықтан шығар ол орамалдың — не дауға себепкер болмай, не кабинеттегі шкафтың бірінде жасырулы тұрмай, осынша уақыт өзіммен бірге жүргені. «Мынау не орамал?»—деп бір рет Жанардың сұрағаны бар… Бір жеңгеме сыйлауым керек еді деп ақ жарылғам. Шындығы да сол болатын. Бірақ ол шындықтың түгел тарихын сүйіп қосылған жарыма айтудың ешқандай реті жоқ еді. Одан да әркімнің өмірінде бола бермейтін осы бір оқиғаны қойын дәптеріме түсіріп қойғанды жөн көргем. Тағдыр-талайына мұндай хикаят жазылмаған адам, мұны қайталаймын деп талаптанбай-ақ қойса болады. Өйткені, мұндай оқиға арнайы жоспармен жасалса дәл менің басымнан өткендей тәтті де, әсерлі болуы мүмкін емес, керісінше өте ыңғайсыз жайттарға соқтыруы мүмкін.
Жетіншіден сегізінші сыныпқа көшкен жылдың жазғы каникулында болған оқиға еді бұл. Көктем басталғалы бері зарықтырып жүрген арманына жеткізіп ауылдың біраз бойдақтары ата-анасын, ағайын-туыстарды қуантып келін түсіріп жататыны қазақтың қай ауылына да ортақ, бәрімізге таныс жағдай ғой. Әрқайсысының орны өзінше бөлек, қуанышты жағдай болғанмен, Жүсіптің келіншек алып келгені біртүрлі тосындау болды. Неге дейсіз ғой? Алда-жалда Жүсіп келіп азғана отырып кеткен үйдің адамдары есік-терезесін бірдей ашып желдетіп, өздері үйінен біразға дейін безіп кететін. Үсті-басын ретке келтіру деген ойына кіріп-шықпайтын, қашан көрсең де трактордың майымен, көшенің шаңымен ұйысып кеткен киімі анадайдан мүңкіп тұратын, темір тарақпен тараса шашының арасынан былтырғы бидайдың қауызы шығатын осы ағамызға есі түзу қыз баласы тұрмысқа шыға қояр деп әсте ойламайтынбыз. Дастархан басында бірге отыра қалсаң басыңды айналдырып, көзіңді ашытып, кеңсірігіңді көктеп өтіп шеке тақтайыңа бір-ақ ұратын шуашы мен қолтығының исінен есеңгіреп қаласың. Әлгі жеңгейлердің үйін желдетіп, біразға дейін сыртқа безіп кететін себебі сол. Жер жыртуға колхоздың загонына барғандар да, мал төлдету науқанында бірге болғандар да Жүсіппен қатар жатпақ тұрсын, бірге тамақ ішуден ат-тондарын арқалап тұра қашатын. Бұған намыстанып, өзін-өзі жөнге келтіру Жүсекеңнің ойына кіріп те шықпайды. Білмеймін қанына сіңген мінезі ме, әлде әдейі жасай ма, әйтеуір адам түсініп болмайтын бір жабайылық.
Осының бәріне қарамай, мінезі жайлы, кім-кімге де қол ұшын бере кетуге дайын тұратын, оның үстіне тілалғыш, қайда жұмсасаң да ләм демей тартып кететін жағымды болмысы бар. Әсіресе жерін жыртқызып, шөбін тасытып, топырақ түсіртіп алатындар үшін Жүсіптің орны ерекше. Жаратылысындағы осындай жайлылықтары үшін, ол туралы өзі жоқта «Е, несі бар иіссіз адам болушы ма еді тәйірі. Адамгершілігін айтсаңшы. Үйлі-жайлы болған соң тап-тұнақтай болып шығады әлі», дейтіндер де табылатын. Тап-тұйнақтай болып кетуі өте күмәнді Жүсіптің келіншек алып келгеніне таңырқап қалғанымыздың астарында осындай сырлар бар еді. Алып келгені не иіс сезбейтін мырың, немесе кір-қоңыстың арасында өскен өзі тектес біреу болар дестік. Не болса да ауылымыздың атына сөз келтіріп, қанша айтып жөнге келтіре алмай қойған Жүсіптің жанындағы ептеген қиындықтарға төзіп, кір-қоңынан арылтуды өз жауапкершілігіне алатын адамның келгенін іштей құптағанымызбен, оның алғашқы кір жуған кезін көз алдымызға елестеткенде еріксіз мүсіркедік.
Бауды суғарып жатқанда судың тартылып қалатын бәлесі бар. Жоғарғы арықтан суды бұрып жібереді немесе жол-жөнекей біреу ұрлық құлақ ашып қояды. Кетпенімді иығыма аса салып арықты бойлап келе жатыр едім Сәуірбек кластасым кездесе кетті. Каникулға шыққалы бері көріспеген едік. Арсалаңдап амандастық. Мені таңғалдырған Жүсіпке байланысты мәселе оның да ойына сыймай-ақ тұр екен:
—Естідің бе?—деді, салған жерден.
—Естідік қой.
—Мектепті жаңа бітірген екен. Өзі жап-жас. Алып қашып кепті.
—Сұлу ма?
Сұлу ма дегенім Сәуірбектің талғамын таптап кеткендей екі көзі ежірейтіп кетті.
—Білә-ә-ә! (не екенін өзіміз ұқпасақ та қатты таң қалғандағы шығаратын дыбысымыз еді) Сұлуың не? Бас бармағын құшырлана қайқайтып қырынан көрсетті.
—Во! Ертегіден шыққандай. Қыз Жібегің жолда қалады.(Қыз Жібекті көзімен көргендей!)
—Обал болған екен!
—Айтпа дейм. Жүсіппен бірге жатқызбақ түгілі, жанына жақындатуға болмайтын қыз. Тфу! Аузының салымын қарасаңшы өзінің!
—Жуынған шығар енді?
—Кім? Келіншек пе?
—Жоқ-ей! Жүсіпті айтам.
—Итім біліп пе!? Жуынса жуынған шығар. Сәуірбек көзіне әлдене елестеп кеткен болуы керек, тыжырынып барып, әңгімені басқа арнаға бұрды:
—Бетін сен ашатын шығарсың?
—Енді… Ашып жүрмін ғой. Сұраса ашып береміз ғой.
Менің бала кезден домбыраға әуестігім, күй шертіп, ән салатыным бар еді. Ауылға келін түсе қалса, құдалық болса кәдімгідей адам жіберіп шақырып алдыратын. Бұрындары Жұмабек, Шахан деген ағаларымыз мандолин, сырнаймен сауықты қыздырады екен. Олардың бәрі жалықтырған болуы керек, кәзір ауылдың анау-мынау думанына менің жарап тұрған кезім еді.
Сонымен не керек. Мені алдырып, ақылдастар сәлем салатындардың тізімін жасап, әркімнің мінез-құлқына лайықтап өлеңімізді жазып бітіріп, бет ашатын аулаға беттедік. Танауы делдиіп Сәуірбек беташардың текстін ұстап тұр. Құйрығы қайқайып, кеудесі шалқайып кеткен. Қабағын маңыздана түйіп алған. Сол қағаз ұстап тұрғанының өзіне сонша ісіп-кебеді, домбыра ұстап, ән айтса қайтер екен!?—деп қоям ішімнен. Іштегілер кешігіп жатыр. Сол Жүсіптің ұбырынды-шұбырындыларын жинастырып жатқан болар. Немесе бұрын-соңды мұндайды бастан кешірмеген нас неме таза киімге үйрене алмай, елге мына түрімен көрінуге қысылып тұр ма екен? Оның өз киімінен өзі үркіп, осқырынып тұрғаны елестеп күлкімді келтірді. Арт жағымдағы егде әйелдер шыдамай сыбырласа бастады. Сыбырласқан аты болмаса өз ойларын көпшілікке жария етудің тамаша мүмкіндігі бұл. Сыртын сыбырға ұқсатып, ішін күшене үрлеп, құрығанда он адамның құлағына жеткізу қашаңғы әдеттері.
—Әп-әдемі ғана бала екен, мектепті бітіре салысымен алып қашып кепті ғой жүгермектер.
—Мейлі ғой, қайсымыз толысып түсіп ек? Қыздай қиылдық қой қараң қалғыр.
—Е, мынау Жүсіппен салыстырғанда сенің байың тап-тұйнақтай ғой. Обал болды-ау анау байғұсқа. Жанында жатып тұншығып өлетін шығар?
—Үйреніп кетеді дейді ғой. Қай жақтың қызы екен?
—Ұзынарық.
—Ханарық дей ме? (Бұл құлағы тосаңдау біреудің сұрағы).
—Ұз-ын-арық!
—Кеңесарық дейсің бе?
—Ойбай Ұзын-а-арықта-а-ан! Әне шықты!
Жұртпен бірге мен де үйден шығып келе жатқандарға көз салғам… Қарай гөр! Жүсібім адам боп қапты. Екі иығы салбырап, шалбарының балағы сүйретіліп жатқанына қарамастан, костюм тәп-тәуір өзгертіп жіберіпті өзін. Тек галстугы құрғыр бір жағына қисайғанымен тұрмай, екі тармағы екі жаққа талтайып, бұл адамның бұрын-соңды ондай затпен таныс болмағанын әйгілеп тұр. Шашы байғұс шала жуылып, қалай болса солай сүртіле салып кепкендіктен біраз тұстары қайқайып-қайқайып қалған. Оны тарау ойына да келмеген сияқты. Ондай-ондайларын термелей берсең үсті-басы ешбір сынаққа жарамағанымен, Жүсіптің бұл түрі бұрынғысымен салыстырғанда әжептәуір жетістік еді.
Жас жеңгеміздің басына салбыратып орамал салынғандықтан жүзін көре алмадым. Жанындағы адамда шаруасы жоқ, әйтеуір үйленгеніне мәз боп, көрінгенге қарап арсалаңдап тұрған Жүсіп екі қолын алдына ұстап апты. Ит-ай, қолының терісі түсіп қалса да ең болмаса осындай күні жақсылап тұрып жуса қайтер еді, саусақ қатпарларындағы қара сызықтармен бірге, тырнақтарының астына жиналған кірі қап-қара боп көзге ұрып-ақ тұр. Салыстырмалы түрде жанындағы гүлді орамалдың астынан көрініп тұрған нәп-нәзік, әдемі саусақтарға көзі түскен адамның ішін ит тырнап өткендей. Қап, құдай-ай!
—Баста!—деді Сәуірбек. Жаңағы ойларым үшін сәл қысылғаныммен мына тұрғандардың бәрі де жаңа түскен жас келінге аяушылық білдіріп жұбатуға келгендер сияқты көрініп кетті. Соның әсері болар даусым ышқынып шықты. Басы осылай басталғаны жақсы. Алғашқы үн қатты екпінмен шықса соңына жол ашып кетеді де, әдемі де еркін үнді ары қарай қалауыңша құбылтасың.
Жыраулық салтымен кішкене жаттанды ақылымды айтып, кезегімен туыстарына сәлем салғызып жатырмын. Тағдырына амалсыз мойынсұнған сұлу жеңгем көзін төмен салған күйі «пәленше деген пәленіңе бір сәлем!» дегенде иіліп тағзым жасайды. Онысы да жарасымды.
Еркектік шабыттың екпінін тоқтата алмай төрт қатын алып, жақында тағы да жас тоқал алуды жоспарлап жүрген Мәмбет көкемді, ауылға келген қонақты жақсылап сыйлап, сосын сабап жіберетін тентектеу Есіркеп ағамызды, араққа сылқия тойып алып, ертесіне сабақта қалғып-шұлғып отыратын завуч Оспан ағайларды, жаз бойы қыдырыстан қолы тимей, қыстың соңында қолына ыдысын алып көрінген үйден картошка, пияз сұрап жүретін, қазан-ошағын жууға ерініп, итіне жалатып алатын жалқау жеңгелерімізді шалдыр-шатпақтап жазған өлеңіммен сипаттап келінге сәлем салдырып жатырмын.
Өздері байқап, сыртынан пыш-пыштап, бірақ көзіне айта алмай жүрген нәрселерді осындайда айдай әлемге өлеңмен айтқаныма мәз болған базбіреулердің қышуы қанып, қылқына күліп, санын шапалақтап мәз. Бір жақсысы мұндайда ешкім өкпелемейді. Тіпті, біреу үйленсе осы беташарды асыға күтетіндер бар десем артық айтқандық емес. Әгәрәки бірдеңе деп ренжісе оны жазған мен емес қой, мен тек жазылғанды айттым деп құтылып кетем.
Желдіртіп кетсем керек, Сәуірбек «Асықпасай»—деді. Асықпай қайтейін, бүкіл ауылға сыры мәлім қожалаққа жар болғалы тұрған жас жеңгемнің жүзін көргенше шыдамай барам.
Қысқасы, бұл беташар мен үшін ерекше болды. Әр сөзім әсерлі шығып, қошаметтеген, үндер мерейімді тасытып жатты. Беташардың соңына таман өзімді таныстырып, сонан соң көпшілікке жалпы сәлем салдырып аяқталатынын білесіздер ғой. Мен де сол дәстүрмен ағайын-туған ел-жұртты мадақтай келіп, енді осы елдің мақтаулы келіні бол деген тілекпен беташарымды аяқтадым.
Жанары жасқа толған Бүбіш апамыз келіп келінінің орамалын сәл көтеріп маңдайынан сүйгенде ар жағынан жас жеңгемнің аппақ жүзі жарқ ете қалғандай болды. Орамалдың өзіме тиесілі шетін көтеріп Айгүл жеңгемді (жаңа атын біліп алғам) анықтап көріп алдым. Шеге атам айтқандай «Тотыдай-ау, тотыдай!». Айтатыны жоқ сұлу еді. Көз шарасы мен жаққа тоқталғанда күнмен шағылысқандай жарқ етті.
Беташар соңынан кіші-гірім тойшық жасалып, жиналған көпшілікке палау берді. Ал, Сәуірбек екеуміз беташарға түскен ақшамызбен кешке класстастарымызды жинап бешір (вечер) жасап жібердік.
Сол жылдары Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері—Ақтоқты» романы шығып, әр ауылдың жас перілері құныға оқығанымен қоймай өзінше Ақан серіге еліктеп жүрген кез болатын. Мен туралы айтудың өзі артық.
Күн еңкейе бастағанда жасөспірім жігіт, бір топ жүгермектер ауылдың қиыр шетіндегі тастақты сай жаққа шығып шылым шегіп, өзімізше жоқты-барды әңгіме етіп, кейде күш сынасып қайтатын әдетсымағымыз бар. Бізге дейінгі ағаларымыздың ондайы жоқ еді, бұл да болса өзіндік ерекшелігіміз болса керек. Жай барып қайтсақ мейлі ғой, ауылдың тура ортасындағы асфальт жолмен әндетіп барып, әндетіп қайтамыз. Өз әнімізге өзіміз елтіп, кейде анау-мынау машинені де бажылдатып қоямыз. Кейбіреулер кәдімгідей ұйып тыңдап өз ауылының жастарының осылай өнерлі боп бой түзеп келе жатқанына кәдімгідей қуанады. Кейбіреулер зіңгіттей-зіңгіттей боп көше кезіп әндетіп жүргенімізді жақтырмайды. Бірінші жақтікі де, екінші жақтікі де өздерінше дұрыс әрине. Ал, жастық шақ өз бағытынан жаңылып көрген
бе. Жә, осы бір кішкентай жастық дәстүріміздің де өзіндік маңыз-мақсаты бар екен.
Мен үшін бар өнерімді салып, бозбалалардан ерекше көзге түсетін кезім осы болатын. Сұлу қызы бар үйдің тұсына келгенде айтып келе жатқан әніміз тіпті құлпырып кетеді. Ондай үйдің тұсында құлағын он түйе қатар басып өткен, бағанадан бері аузынан суы сорғалап, аңқиып әркімнің аузына қарап мәз боп келе жатқан Түйебай да бізге қосылып қалады. Қосылғаны құрсын дарылдап-барылдап тәп-тәуір келе жатқан әннің аузы-басын қисайтып есінен тандырып, алжытып жібереді. Мұндайда ішіп отырған дәмді тамағымызға иттің тезегі түсіп кеткендей тыжырынып қаламыз. Оны Түйебай да сезетін болуы керек. Себебі әлгі үйдің тұсынан өткен соң үнін бірден өшіреді.
Қысқасы қай үйдің тұсына келгенде кімнің үні өзеуреп шыққанына қарап кімнің қай үйдің қызында көңілі барын аңғаруға болады. Бірақ, өнердің терезесіне телміріп, қаиетті дерттің шалығына ұшырай бастаған мен сияқтылар болмаса ондай-ондайдың түбіне кім бойлап жатыр дейсің. Әйтеуір, домбырамның да, өзімнің үнімнің де үздіге шығып, сан түрлі өнер ашатын кезі екі үйдің тұсында. Кәзіргі кездегі қаптап кеткен жұлдыздармен салыстырғанда ол кездегі менің әнімнің қандай екенін білмеймін. Дәл сол екі үйдің тұсына келгенде менімен ешқандай жұлдыздың теңесуі мүмкін емес еді-ау деп шамалаймын осы күндері. Біреуі—ауылымызға жақында көшіп келген Мелдебек агрономның үйі. Ол үйде «б» класының ең сұлу қызы Жамал тұрады. Екіншісі қожалақ Жүсіптің үйінің тұсы. Қас қылғандай осы үйлердің тұсына келіп, өнерімнің шырқау шыңына шығарда Түйебайдың барқырап қосыла кететінін қайтерсің. Мүмкін оның да ойында менікіндей бірнәрсе бар шығар. Енді, дәл мен сияқты болашақ «Ақан сері» болмағанмен ол байғұс та жігіт қой, айтса несі бар?—дейді бір ойым. Е, жігіт болса дұрыстап айтпай ма әнін, барқырап кісіге кесірін тигізбей!—деп өршеленеді екінші ойым. Әйтеуір, сол үйлердің тұсына келгенде осы иттің үнін өшіріп, өзімнің жеке-дара үніммен жүректегі сезімімді үздіге шырқаудың реті келмей-ақ жүрді.
Бір күні соның сәті түсті. Ауылды кешкілік кезекті тегін концертімізбен қарық қылып келе жатқанбыз. Өзім жақсы көретін тұсқа жақындағанда көңілімнің шалқып, шабыты таси бастайтыны бар. Айгүл де сыртта жүр екен. Сол сәттегі көркіне көзім түскенде ән айту былай тұрсын, ит боп үріп, жылқы боп кісінеп кетуге де бейіл едім. Тамағын орай байлаған гүлді ақ орамалы да, көк барқыттан тігілген желеткісі де, аяғындағы қап-қара мәсісі де отыра салып жазатын ақын болса дайын тұрған өлең еді. Амалым қайсы! Әзірге әннен басқа қолымнан келері жоқ. Онда да өз жүрегімнен өріліп шыққан ән емес, әркімнің әні. Шіркін-ай өз еркінен тыс, Жүсіп сияқты сасыққа амалсыз жар болып, жіпсіз байланып жүрген ару жеңгеме арнап өлең
жазып, ән шығарсам деп армандадым. Тура Ақан серінің Балхадишаға, Естайдың Қорланға, Біржанның Сараға айтқаны сияқты кейінгі ұрпақ айтып жүретін туынды болса кәні. Күйеуден шыққан деген жаман аттан қорқып, өз тағдырына амалсыз мойынсұнған Айгүл сияқтылар қазақта аз ба? Осыдан мектепті бітірейінші. Тұп-тура Алматыға барам да, ән шығаратындар мен өлең жазатындардың, сосын оны майын тамызып тұрып өзі орындайтындардың оқуына түспесем атым өшсін! Күніге айтып жүрген әнім осы ойлармен астарланғанда ерекше жігермен, керемет өрнектермен құлпыра аспандай бергенде, Текеше бақылдаған Түйебайдың ешбір тональностке маңайламайтын жексұрын үні қосыла кетіп тәп-тәуір әніміздің быт-шытын шығарғаны. Әп-әдемі әнімізбен әрленіп, шырайы елжіреп тұрған бүкіл дүниенің кешкі келбетін ірітіп түсірді-ау оңбаған. Түріне қарасам екі көзін Айгүлден айырмай, аузы көпіріп мәз болып әндетеді. О сорлы! Күріш арқасында су ішкен күрмекке ұқсаған албасты!
Еркем, еркем, еркем-ай!
Еркелеген еркем-ай.
Еркелеген еркемді,
Еркелетсем екен-ай!—деп, мойнын қиқаңдатып билеп қояды.
Зығырданымның қайнап кеткені соншалық, шертіп келе жатқан домбырамды да, шырқап келе жатқан әнімді де бірден тоқтаттым. Ең қызығы жанымдағылардың бәрі келісіп алғандай үндерін жиып ала қойды. Жалғыз Түйебай Айгүлге қараған қалпы барқырап кеп берді дейсің. Өзі мәз. Неге тоқтап қалдыңдар, маған қосылмайсыңдар ма дегендей қолын ербеңдетіп бізге дирижерлық жасап қояды. Қашаңғы барқырасын… Тоқтады бір кезде…тоқтан суырылған радио құсап, «ерк…ерк!» — деп. Бәріміз қыран-топан болдық. Сонау алыста тұрған Айгүл де күлді.
Оның күлгеніне қарап-ақ мен мәз болдым. Демек оның бізді тыңдап жүргені ғой?! Біздің әнімізден ол жанына жұбаныш табатын болғаны ғой?! Ендеше, бұдан былайғы мен әнімді тек саған арнайтын боламын Айгүл,—дедім іштей ерекше еміреніп. Осы бір әсермен тұрып жақында ғана үйренген, осы тұрғандардың ешқайсысы әлі біле қоймаған әнді ақырын ғана шырқай жөнелдім:
Желсіз түнде жарық ай.
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Маңайымдағы жігіттердің бәрі әнді бөлмей, соншалықты беріліп тыңдады. Өйтпеске амалдары да жоқ еді. Ұлы Абайдың жүрек сырын арқау еткен осы әнде Айгүлге арнаған көлемі ешнәрсемен өлшенбейтін ұлан-ғайыр сырларым бар еді. Амалсыз аттаған ақ босағасының тұтқыны болған жас арудың жанына алданыш болып, шуағын төксе екен бұл ән деген ниет бар еді кеудемде.
Әнді аяқтағанымда маңайымдағы жігіттер қол шапалақтап жіберді. Түйебайдың сілекейі шұбырып кетіпті. Анадайда тұрып тыңдаған үлкендер де ризашылық білдіріп жатты.
Мен сығалап, көзімнің астымен Айгүл тұрған жаққа қарадым. Жүрегім езіліп кеткендей болды. Манадан бері ошақ маңында бір қырындап әлденені тынымсыз жуып жатқан сияқты болған Айгүлдің жанары жасқа толып-ақ кеткен екен. Мен жаққа күлімсірей көз тоқтата қарағанда, жанарындағы кешкі күннің сәулесімен жылтырап кілкіп тұрған мөлдір жас әдемі де әппақ жүзіне із салып төмен сорғалай жөнелді.
Арамызды әжептәуір жер бөліп тұрса да мен осыны анық көрдім. Ауылыма сән беріп келген, осы бір үлбіреген жас келіншектің жанындағы мұңды сол сәт мен бүкіл болмысыммен сезіндім.
Сол күннен бастап кеш болуын асыға күтетін болдым. Сол тұстан өтерде жүрісімді баяулатып шырқайтын сырлы әуендердің бәрін де Айгүлге, тек Айгүлге арнайтынмын.
Жылдар өтті.
Мен өзіме сол кездегі іштей берген сертімде тұрдым-ау деп ойлаймын. Мектептен соң өнер академиясына түсіп артистік мамандықты игердім. Сахнада спектакль кейіпкерлерін сомдай жүріп, баяғы әнші болсам деген арманыма да қол жеткіздім. Поэзиялық спектакльдегі роліме арнап атақты композиторлар ән жазды. Гитарамен өзім сүйемелдеп орындайтын сол әндерді тек сахнадан ғана емес, республикалық телеарналардан орындадым. Әрине сомдаған кейіпкеріңнің жан-дүниесіндегі болып жатқан сезімдерді әніңе қоса шырқағанда тыңдаушыңды орындаушылық шеберлігіңмен баурап алудың жөні бір бөлек. Күн сайын орындалатын сол әндердің өн-бойын режиссер қиялыңа сіңірген мақсатпен орындай беру де кейбір кездері мүмкін емес. Үнемі бір шығарманы орындай беру де жалықтырады ғой. Сондай сәттерде сезімімді оятып, әніме әр беретін ерекше бір шабыт қазынам, сонау балауса шағымда әнімді елжірей тыңдап тұрған қиялымдағы Айгүлдің нұрлы жүзі, мұңды көзі болатын. Сіздерге бәлкім бұл ертегі сияқты, қияли жанның өмір шындығынан тыс, санасында өзі жасап алған бос әңгімесіндей көрінер. Ал, мен үшін ол, мына кішкене ғана ғұмырымның әдемі ақиқаты, сәулелі елестей шуағын шашатын рухани қуат көзі десе де болғандай.
Анау жылы кезекті еңбек демалысымды алып, ауылға барып қайтпақ болғанымда, Айгүл жеңгеме арнап тура сол бір кештегі басына салғанындай әдемі гүлді орамал сатып алғам. Шынымды айтсам, осы күнге дейін соны сыйлаудың ешбір реті келмей-ақ жүргені. Ертелі-кеш бір сыйлармын деп қоям. Тек, аман жүрсе екен, жүрегі мұңға толы, қазақ әйелінің намысын өз бақытынан биік қоя білген менің алғашқы махаббатым – ару жеңгем!
Байғали ЕСЕНАЛИЕВ.