Ұлы жеңіске – 77 жыл! Қазақстанда мереке жетерлік. Бірақ, сол мереке-мейрамдардың ішіндегі адам баласының жүрегіне ең қымбаттысы, ең қастерлісі Жеңіс мейрамы болса керек. Себебі, 1418 күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыс әлем тарихындағы ең сұрапыл, ең ауыр, ең қасіретті соғыс болды.
Бұл соғыс 20 миллиондай адамның өмірін қиды. Статистикаға жүгінсек, елімізден майданға 1 млн 400 мыңға жуық адам аттанған. Сұм соғыста 600 мыңға жуық отандасымыз опат болды.
Жеңіс күні – еліміз үшін орны ерекше мереке. Нағыз ұлтшылдықты оятатын, рухани сезім беретін, тарихымызды ескеріп, сол жеңісті сыйлаған ардагерге бас иетін жеңісті күн. Әлемді дүр сілкіндірген Ұлы отан соғысын еске алудың өзі ауыр. Қан мен жаны бір арнада болса да, ойланбастан елі үшін өзің құрбан еткен сол соғыстағы ата-апаларымыздың ерлік істері мәңгі өлмейді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық» деді.
Әрине, біз ата-апаларымыздың ерлігін ұмытпаймыз. Бүгінгі күні жеңіске жастар үлкен құрметпен қарайды. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау болып, батырлардың атын өшірмеуге түрлі ұтымды істер жасалып жатыр. Жыл сайын майдангерлерге арнап, тиісті құрмет көрсетіліп, барша елге патриоттық сезімді ұялатуға зор мән берілуде. Биыл ұлы жеңіске 77 жыл толып отыр. Бұл тарих толқында біршама уақыт. Қаншама боздақтар еліне аман оралмай мерт болды. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман өтіп, өзінің кең байтақ жерін ұрпаққа аманаттау үшін, бұл жолда бабаларымыз үкілеген үміттерін ақ найзаның ұшына үкі ғып тағып осыншама кең байтақ даламызды қорғап, бізге тәуелсіз еліміздің азаттық туын алып берді. Жеңіс ол жай ғана сөз шығар, бірақ оның астарына үңілетін болсақ, қаншама қан, қаншама тер жатыр. Біздің осынау ұлан ғайыр жерде жүргеніміз әлбетте сол кісілердің ерен ерлігі. Жеке тұлға ретінде бабалар есіміне тағзым ету әрбір қазақтың ғана емес, КСРО кезіндегі ұлттардың міндеті деп санаймын.
1941 жылы 22-маусымда таң шапағы жаңа ғана арайланып келе жатқан кезде елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді. Осы жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен жанқиярлығы Отан тарихындағы жарқын беттерге айналды. Осы соғысқа Қазақ жерінен 1 млн.70мың адам қатысса, олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапты. Ал көпшілігі хабарсыз кетті. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ендеше сол соғыс даласында хабар-ошарсыз кеткен, қаза тапқан батырларымызды бір сәт үнсіздікпен еске аламыз.
Екінші дүниежүзілік соғыстың өрт шарпымаған шаңырақ кем де кем. Бүгінде өсіп-өніп жатқан біздер бұрынғы батыр бабаларымыз бен кешегі майдангерлерден өсіп отырған ұрпақпыз. Қанша жылдар өтсе де дүмпуі дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті баршамыздың жүрегімізде. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен қазақтың қайсар ұл-қыздары от пен оқтың ортасында жүріп, Отанымызға Жеңіс сыйлады.
Ұлы Жеңіс күні – барша халықтың жеңісі. Жыл сайын 9 мамыр күні баршамыз Жайықтың жағалауында орналасқан мәңгілік алау басына, жауынгерлердің тас мүсінге айналған бейнелеріне гүл шоғын қойып, ерлікпен қаза тапқан батыр ерлерімізді еске алып рухына тағзым етеміз.
Біз Отан қорғау жолында жанын құрбан еткен боздақтардың қандыбалақ шайқастағы ерлігін, майдангерлер хаттарын көркем шығармалардан, соғыс туралы кинолардан көріп өстік. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие мәңгілік тағзым етеміз.
Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жаны, қаны, тер, көз жасы, күші, ісі, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпаған Отанымызды, жеріміз бен елімізді аялай білейік. Осының бәріне себепші болған ардагерлерімізге мың алғыс айтып, басымызды иеміз!
Әрине өткен күн тарих болып қалары анық. Бірақ соғыс зардабы ешқашан ұмытылмайды, оның жаңғырығы өшпейді. Батыр жауынгерлердің ерлігі ел есінде қала бермек. Ардагерін құрметтеген ұрпақтың ендігі тілегі – аспанымыз ашық болып, төрткүл дүние кеңістігінде соғыссыз әлем орнасын.
Нұрғиса АЛТАЙ,
Алматы қаласы,
Әуезов ауданының номері 2 аудандық сотының
бас маманы-сот отырысының хатшысы.