Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ел тыныштығын күзетіп, қорған болар құрылымда талай мықтылар қызмет етіп, абыроймен еңбек етті. Солардың бірі – ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Уәлихан Ережепов.
Уәлихан Мелдебекұлын көпшілік азаматтық қорғаныс саласының маманы ретінде таниды. Расында ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментін талай жыл абыройлы басқарды. Дегенмен, ардагердің бұл салаға әскери қызметтен келгенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін.
Уәлихан Мелдебекұлы 1953 жылы бұрынғы ОҚО, Алғабас ауданы, Шалдар совхозында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Ресей астанасы Мәскеудегі әскери училищеге оқуға түсіп, тәмамдап шығады.
– Содан 10 жыл бойы Түркістан әскери округындағы әскери бөлімдерде түрлі қызметтерді атқардым. Алған біліміммен шектеліп қалмауды ойлап, жетілдіру мақсатында Ресейдің Калининград қаласындағы Жоғарғы әскери инженерлік училищенің әскери академиялық филиалына оқуға түстім. Оны 1986 жылы аяқтадым. Сол жылдары әскери саладан азаматтық қорғаныс саласына ауыстым, – дейді ардагер.
Осылайша Уәлихан Ережепов 1984 жылы әскери құрылымнан азаматтық қорғаныс саласына келіп, Шымкент облысының азаматтық қорғаныс штабына қызметке тұрады. Осы салада жемісті еңбек етіп, 1992 жылы штаб бастығы болып тағайындалады.
Табаны күректей 22 жыл оңтүстіктегі төтенше жағдайлар саласын басқарған Уәлихан Мелдебекұлы 2014 жылы ТЖ департаменті бастығы қызметінен зейнетке шығады. Бүгінде ардагер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр.
«Шымкент келбеті» — Нұрлан Бектаев
Фото: Серік Қосаев