Қазақстан Республикасы азаматынан дыбыс өшіргіші бар шетелде өндірілген снайперлік мылтық, есірткі заттары және ірі көлемдегі ақша тәркіленді.
25 наурызда Нұр-Сұлтанда ҰҚК қарсы барлау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілеріне қастандық жасауды жоспарлаған Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік барлау агентін ұстады,-деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
«Тінту кезінде дыбыс өшіргіші бар шетелде жасалған снайпер винтовкасы, есірткі заттары және ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Қару-жарақ Қазақстанға кәсіби жасырылып, бөлшектеп әкелінген» делінген хабарламада.
Сонымен қатар, агент әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Қазақстан Республикасында Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізу және қоғамда орысофобиялық көзқарастарды қалыптастыру бойынша тапсырмалар алған.
Алдын ала тергеу барысында ұсталған азамат жоғарыда көрсетілген әрекеттерді шет мемлекеттің тапсырмасы бойынша және мүддесін көздеп жасағанын мойындады.
ҰҚК осы іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 124 баптың (Қылмысқа дайындық және қылмысқа оқталу) 4-бөлігі жіне 255 бапта (Терроризм актісі) көзделген қылмыстарды жасау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.