Жауап бермектен бұрын сауал қоймақ қиын екен.Көңілді қамшылайтын да, жаныңды жаншылайтын да сұрақ болады. Бір сауал бар – ашылып сөйлеуге шақырады, бір сауал бар – жасырып сөйлеуге шақырады. Меніңше, сауалына-жауабы, ішіне сыр бүгіп қалғанына айтушы кінәлі емес, жалған сөйлетер сауал қоюшы күнәлі. Ішіңізде сыр бүгіп қалсаңыз кінә сізден емес, менен деп сөйлескен, Шымкент қаласында кімнің де болса тіл жанашыры ретінде есінде қалған, ОҚО соты кеңсесі Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Тұрарұлы ДҮЙСЕНБИМЕН болған әңгімемізде ешкімнің күнәлі болмауын іздегендей болдық….
* * *
Қазақта: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?»,- дейтін қанатты сөз бар ғой. Көңіл жеткен жердің бәріне пенденің қысқа тірлігі жете бере ме? Адам баласы көңіліне тоқтау салып, ақылына иелік жасамаса өлшеусіздікке ұрынбас па? Өлшемнен асқанның бәрі адамның басына ауырлық артпақ,- деп Қабыл аға әңгімесін әріден бастады.
Адам жас кезінде мына өмірдің мәнін түсіне бермейді екен. Жас кезімде небір атпал азаматтармен иық тіресе еңбек еттім, үйрендім. Еңбекте де табыстарым аз болған жоқ. Бірақ мен – атақ үшін, лауазым үшін жаралмағандардың, арын атақ-лауазымға құрбан етпейтіндердің бірімін. Алайда, елім, жерім, тілім үшін еткен еңбегім ақ қағаз бетінде сақталып, бәрі тарих қойнауына еніп кетіпті. Бәрі керек нәрсе екен ғой,- деп біраз үнсіз отырып барып, қоңыр, өзіне жарасымды даусымен әңгімесін бастап кетті.
Қабыл аға туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгер (қазіргі Төле би) ауданы, Советское селосы (қазіргі Қаратөбе) ауылында оның әкесі Тұрар Дүйсенбиұлы ақсақал мен анасы Сейсен Мірәліқызы да өсіп-өнген. Әкесі елге абыройлы ауылдағы мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, колхозда звеновой, бригадир, ал анасы Сейсен Мірәлі әулиенің ұрпағынан тараған ескілікті әңгімені, заман тынысын, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білетін жан болған екен.
– Әкем ауылдағы тентекті тиып, талпынғанның белін буып, жастарға үлгі-өсиет көрсете білген жан болатын. Әлі күнге әкемнің жақсылығын көрген ауыл тұрғындары әкемді естерінен шығармай әрбір жақсылықты істе үлгі етіп, айтып отырады. Мұның өзі менің ұрпағым үшін үлкен мақтаныш,- деп сөзін сабақтады.
Әкем Тұрардың мына бір әңгімесі қашанда менің жадымда тұрады:
«Ақылды үнемі әкесінен нені болса, соны сұрайтын. Әкесі де оған «Нені болса, соны сұрайтының не?» деместен, оның сұрағандарына өте ыждағатпен жауап беретін.
Бірде ол әкесінен:
-Әке, неге осы ат жүргенде алдыңғы аяқтары басқан ізінен артқы аяқтары басқан ізі асып түседі? — деп сұрады. Әкесі:
— Балам, ол солай. Алдыңғы аяқтары басқан ізден артқы аяқтары басқан ізі озып түсіп отыратын қасиет тек жүйрік, бәйге аттарында ғана болады. Оны сен аңғарған екенсің, демек сенен де бір ақылды адам шығар, Әлхамдулилләһ! Инша Аллаһ!? Ол тағы бұрын шыққан кұлақтан кейін шыққан мүйіз озатынының да белгісі,- деді. Ақылды:
Бұрын шыққан құлақтан, кейін шыққан мүйіз оза ма? Неге? — деп сұрады әкесінен. Әкесі:
-Иә, балам! Мәселен, құлақ туа бітті бар болады. Ал, мүйіз болса, бұзау алғаш туғанда болмайды. Кейін, үлкейе келе, біртіндеп өсе-келе құлақтан да озып, ұзарып кетеді. Өзің қарашы, ана ала тайыншаның туғанда қашан мүйізі бар еді? Жоқ болатын. Ал, құлағы ше? Құлағы бар болатын. Кейін, бірер айдан кейін мүйіз шыға бастады. Енді міне, бір жылға таяп еді, мүйізі өсіп, құлағымен бірдей болды. Құдай қаласа, келер жылы мүйізі құлағынан әлдеқайда ұзын болып озады.
Сен ақылдысың. Демек, Ақбақайдың артқы аяғы алдыңғы аяғынан озып түскеніндей, ала тайыншаның туғанда жоқ мүйізінің, туғанда бар құлағынан асқанындай сен де үлкейгенде қатарыңнан озасың, балам. Олай етпесең сенің менен туған ұрпақ болғаның қане? Ұрпақ заманынан озбаса оның ұрпақ болмағаны да. Мен сенің менен озғаныңды қалаймын.- деді әкесі.Ақылды ойланып қалады.»,- деп әкем әңгімесін аяқтап тұрып үнемі:
«Балам, мен де сенің менен бір саты болса да биік тұрғаныңды қалаймын»,- деуші еді.
Анам Сейсен екеуі осындай ізгі тілекпен 8 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді, жеткізді.Анам да қолын ыстық суға малып отырмады, өмір бақи қара еңбектің құлы болды. Бау-бақша өсірді, егін екті, бастысы біздерді тәрбиеледі. Нәтижесі жаман болған жоқ….
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ана тәрбиесінен болар Қабыл жастайынан ескілікті өмірдің озық дәстүрлері мен арғы дәуірлердегі ата-бабаларынан рухани мұра болып қалған даналық сөздерді бойына сіңіріп өсті. Ата-анасынан алған тәрбиесі мен асқан сезімталдығы оны бір орнында отырғызбады. Барға қанағат етпейтін талапшылдық жоқты бар етіп тынбай тыншымайтын тағатсыздыққа бастайды. Түптеп келгенде, тірлігін иіріп, дөңгелетіп жүргені де сол тағатсыздығы. Тағатсыздық еңбектегі табандылықпен табысып барып дегеніне жетпей ме?!…
Қабыл ағаның ең басты екі сипаты да осы: тағатсыздық пен еңбектегі табандылық. Ойлап қараңызшы, алдымен инженер-технолог, техбюро бастығы, Шымкент «Электоаппарат» зауытында цех бастығы, сол зауытта «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Тіл басқармасының бастығы, мемлекеттік тілді оқыту орталығының басшысы…
Осы қызметтердің әрқайсысы бір-бір ғұмырды сарп етуге тұрарлық емес пе?!
Таңқаларлығы, соның бәрі бір-ақ ғұмырға сыйыпты. Соның бәріне керек қабілет бір-ақ адамның бойынан табылыпты.
Өмірде жан-жақты қабілетті адамдар тіпті де аз емес… Бірақ солар өмір сүрген заман, қоғамдық орта, тіршілік қамы, кейде әркімнің әрқалай жеке тағдыры — олардың көпшілігінің-ақ өзі ұнатқан іспен айналысуына, сөйтіп, мақсатты тірлік кешулеріне көбіне-көп мүмкіндік бере бермейді…
Қайтерсің, кәдуілгі өмір ғой! Ал өмірде не болмай жатыр, нені көрмей жатырмыз?
Рухани дүниеге жаны құмар Қабыл аға мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ әдебиетке жақын болды. «Ұстазы жақсының, ұстанымы мықты» демекші бүгінде көзі тірі 85 жастағы ұстазы, көршісі Мырзақұл Тұрғынбаев пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазы Жұмабек Оңғарбаев ағаларының берген білім тәрбиесі оны журналистика мамандығына жетелеуші еді.
Алма, алма, алма бақ,
Өседі ғой гүлде бақ.
Ұнатамын гүлдерін,
Қопсытамын түптерін,- деп өлеңдеткен Қабыл аға өсе келе «құр ұйқас қуғаннан мықты ақын бола алмаспын» деп іштей шешіп, ақындығын тоқтатады. Бәлкім, арман қуып Алматыдағы өзі армандаған журналистика мамандығына оқуға түссе бұл күнде еліміздің ақиық ақындарының қатарында болатыны да ғажап емес еді деп бір ой түйіп тастадық.
Ауылдағы орта мектепті 1975 жылы бітірген соң Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына түсіп, 1980 жылы инженер-химик-технолог мамандығы бойынша бітіреді. Ол кезде бұл еліміздің өркендеуінде ең қажетті мамандық болатын.
– Көп балалы тбасынан шыққандықтан болар арман қала Алматыға жол жүру сәті түспеді. Әке-шешем тамақтарынан жырып берген сол кездегі 3 сом ақшамен Шымкентке келіп, өз күшімізбен емтихан тапсырып оқуға түстік. Бұл институтқа да ол кезде кез келгеннің қолы жете бермейтін,- деп өзі білім алған қарашаңырағын бір мақтап алды.
Қабыл аға институттың жолдамасымен бөтен ел демеді, Ташкент облысының Шыршық қаласындағы «Трансформатор» зауытында инженер-технолог болып еңбек жолын білікті маман ретінде бастайды…
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: Ата-баба жолына ұқыпты болсақ, оның ынтымаққа, бас біріктіруге бағышталған қағидалары мен дәстүрлеріне неге мұқият емеспіз? «Өзін өзі мақтаған — өлімнің қара басы», «сүйек қорлап, абырой асырмайсың, көңіл жығып, мерей таппайсың», «алыстан келгенге төріңді, жақыннан келгенге жаныңды, бауырыңнан шыққанға босағаңды ұсын»,- дегендерін неге ескермейміз?! Қай-қайсымыздың да ұлттық намыстан гөрі жағымпаздыққа, теңдіктен гөрі үстемдікке, әділдікке емес, өктемдікке жанымыз бір табан жақын екендігі даусыз. Кімнің қайда туғанына, қашан туғанына қарамай, естіні іске, есерді есікке сілтейікші, әділет орнар ма екен, орнамас па екен?! Тек әділет қана бәріміздің көсегемізді бірдей көгертеді. Егемендіктің де, жаңа бетбұрыстың да әділетті ту етіп көкке көтеретіні сондықтан.Бұл бір халықтың ғана емес, көп ұлтты қоғамымыздың татулығын ойлау болып табылады. Өйткені, күллі қоғамдық ынтымақ кісіаралық та, ұлтаралық та әділеттілікті талап етеді. Осы бір ойды айтпаса да Қабыл ағаның көзінен ұқтым. Бұл оның ішкі жан сезімі…
– Әлгі мен еңбек жолын бастаған ұжымда ол кезде қазақ жігіттері некен-саяқ кездесетін. Қай жерге де білімді, қайратты жігіттер керек-ақ қой. Барсаң жағдайын болады,- дегенге жат жер демедік бардық. Көп ұзамай көзге түсіп, аға инженер, техбюро бастығы, содан 1987 жылы КСРО Мемлекеттік стандарт комитетінің Шыршық «Электрохимпром» өндірістік бірлестігінде Мемлекеттік қабылдау органының өкілі, 1989 жылдан осы бірлестіктің «Капролактам» өрдірісінде №4 цех бастығының орынбасарылығына көтерілдім. Ол жерде де жаман болған жоқпыз, тәжірибе жинадық, көп нәрсені көңілге түйдік, санаға сіңірдік қой,- деп еске алды Қабыл Тұрарұлы.
Кезекті бір демалысқа келгенде әкесі:
– Балам, қашанғы елден жырақ жүрмексің? Елден де бір жұмыс табылар. Мен болсам қартайдым. Мына бауырларыңа бас-көз бол,- деп әрі назын, әрі өтінішін білдіреді. Әке сөзін жерге тастамай өскен ұл емес пе, ұсынылған жұмысты жинап тастап, елге оралады…
Әке көңілін жықпай ауысу тәртібімен Шымкен «Электроаппарат» зауытына құрастыру-жинау цехының бастығы болып жұмысын жалғастырған Қабыл ағаны мұнда да қоғамдық жұмыс күтіп алады. Ол осы зауыттың «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланады.
Қызмет бабы, еңбек жолы көңіл көншітетіндей боп жүріп жатқан Қабыл Тұрарұлы ұлттың, тілдің тағдырына алаңдаушы еді. Ауыл қазағы мұны, әсіресе Ташкентке жұмыс бабымен келгенде қатты сезінетін. Оның өз тіліне, еліне, ұлтына деген жанқиярлық сезімі сол кезден бастау алғандай. Ол өзге ел деп қаймықпады, өз тілінде сөйлеп, өз тілінде ойлады.
Енді өз елінде қай мекемеге барса да — сіресіп тұрған орыс тілі, тасада қалған қазақ тілі. Көшеде де сол жағдай.
Осындай ұлт тағдыры, ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда кеңестік дәуірдің де керегесі босап, орталықтандырылған биліктен күш кете бастады. Компартия басшылығының әлсіреуіне көптеген факторлардың жиынтығы әсер етті. Ал 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі үлкен империяның бұдан әрі өмір сүре алмайтынын көрсетіп берді.
Ақыры егемендікке ұмтылған қазақ халқы алғашқы талпынысты тіл тағдырынан бастады. 1989 жылы жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық ұйымдарын құру жиындары өтті. Ұлтжанды Қабыл ағаның да қуанышында шек болмады.
Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының I-Y Құрылтайларына облыстан делегат болып қатысады.
Осылайша бірден мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу қамына кірісіп кетеді. 1993 жылы Шымкент қаласы, Абай аудандық әкімшілігі Тіл бөлімінің меңгерушісі, сосын Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы болып сайланды. Қалайда қалада мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуына ықпал етемін деп жұмыс істеген Қабекеңнің бармаған мекемесі, кәсіпорны жоқ шығар. Әсіресе, ұлты қазақ бола тұра балаларын орыс тілінде тәрбиелейтін балабақшалар мен мектептерге беріп жатқан ата-аналармен жұмысты күшейтті. Қазіргі кезде өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектептеріне беріп жатса, мұнда да Қабыл Тұрарұлының септігі болды деп айтуға болады.
— Халық алдында беделге ие болып, танылып жатсам, оның бәрін ата-баба қанымен, туған жердің құдіретімен байланыстырамын, — дейді Қабыл аға.
Көбіне бастықтарды тек жарлық берушілер деп бағалаушылық бар. Ал әңгіме қай мекемеде болмасын жұмысты біліп басқаруды, тындырымды атқаруда. Қабыл аға да басқармадағы өзіне басқаруға тапсырылған жұмыстарды жаттанды әдіс, жалаң нұсқау беруді тоқтатудан бастады. Қызметкерлерді өз жұмысына творчестволықпен қарауға үйретті.
Қай уақытта болмасын кісіліктің өзі кішіліктен, ұлылық адамға деген жылылықтан бастау алатыны белгілі. Осыны түсінген Қабыл аға айналасына жылылық себуден танған емес.
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: Рух- болған нәрсенің кейінге қалған образы. Рухтың өзі – қуат. Адамның бойындағы қуатты сол рух – сол қуат түртіп оятады. Қоғамға тырнақтай үлес қосқан адам – сол қоғамның тарихы. Біздің тарихымызды жасап кеткен сол ата-бабаларымыз. Солар арқылы біз келешегімізді танимыз. Жас арманымен күн кешеді, кәрі өткенімен күн кешеді. Осының екеуі де ой. Ой да – тірі нәрсе, ол да өмір сүреді. Адам алдына көз жіберіп өзін елестетеді, сол арқылы дүниенің болашағын жасайды. Олай болса, бүгінгі болмыс дегеніміз — өткен мен бүгінгінің және болашақтың қосындысы. Шүкір ізіңіз тақыр емес, әрбір еңбекте өзіндік қолтаңбаңыз бар. Дегенмен пенде шіркінде арман таусылған ба, артыңызға көз жіберіп неге өкінесіз, алдыңызға көз тастап неге үміт артасыз?,- деген ойымды айтпай түсінген Қабыл ағаның әңгімесінен мынаны ұқтым.
– Бизнес туралы бестселлер жазған ағылшын Н.Кэссон: «Уақыт — өмірді жасайтын материал,- дейді. Ол шіркін ақсүйектікті мойындамайды. Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан теңгемен тең. Кісінің кісілігі уақытты сезінуден басталады»,- деген екен. Өкініш те жоқ емес, ұтқаным да аз емес,- деп жиырма жылға жуық уақытын бөлген тіл мәселесіне әлі де бей-жай қарай алмайтынын ұқтырды. Сол ыждағатты еңбектер «Тілім – тірегім» атты жинаққа түйінделіпті. Бұл қарапайым кітап емес, мұның іші ұлтым деген азаматтың жанкешті еңбегі мен жанайқайына толы.
Сол бір тоқсаныншы жылдары Қабыл аға өңірдегі тілдің ақиқаты мен аңызын астастырып өндіре жазды. Кітаптың қай бетін ашсаңыз да сол шындыққа тап боласыз.
Бір сөзбен айтқанда ол өзі туған елінің тілін қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде алаң болып, ой толғады, тебіренді, мәнін ашты, мәселе ғып көтерді.
Нені жазса да созбұйдалап, сөз қумады, ойы анық, мәселесі қанық, електен өткізіп, санаға жеткізіп, дәл айтты. Дастарқан басының гөй-гөйі емес, қоғамның бас қатырар ойы ретінде жеткізді. Ауылдық мәселені аудандық және аймақтық, облыстікін республикалық, ұлттық деңгейге көтерді. Ол да дұрыс. Өйткені ұлы дүрмекте ұлттық ұлылық дараланбайды. Ал даралық жоқ жерде даналық та көрінбейді. Міне, ұлтым, тілім деген Қабыл ағаның азаматтық даусы, қайраткерлік тұлғасы да осы тұста бой көрсетсе керек-ті. Ендеше, сөзіміз дәлелді болсын.
«Қазақ тілін және Қазақстан Республикасындағы басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасында» Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Шымкент қаласы 1994 жылдың 1қаңтарынан бастап іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге тиісті еді. Алайда, Министрлер кабинеті бекіткен аса маңызды құжат қағаз күйінде қалып қойды. Себебі, «Бірден бола қоймайды, бірте-бірте болады»,- деп жүріп төрт жыл уақытты өткізіп алдық.
Кейбір басшы болып отырған ағайындар әлі де болса, «сразу же нельзя»,-деп , уақытты соза түскісі келеді.
Банк байланыс мекемелерінде, халыққа қызмет көрсету салаларында, салық инспекциялары мен кәсіпорын, ұйымдарда Ата Заңымыздың өтпелі кезең ережелерінің талаптарына сай іс қағаздары екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік және экономикалық салалардың барлығында төменнен жоғарыға тапсырылатын түрлі есептердің үлгілері бір ғана тілде – орыс тілінде толтырылады. Мұндай есептерді жасайтын, қабылдайтын мекемелердің қызметкерлері «Тіл туралы» Заңды да, Ата Заңымызды да мойындамай, заңға бағынбай келеді. Менің айтпағым, тілді білмегені үшін емес, Заңды орындамағаны үшін барлық деңгейдегі басшылар жауап беруге тиіс»,- дейді «Тіл мәртебесін ойласақ немесе ағайынға арнау сөз» атты мақаласында.
«Шымкент қаласындағы бұрынғы мән-мағынасынан айырылған көшелердің аттарын өзгертіп, оларға тарихи тұлғалардың есімдерін беріп, кейбіп көшелердің орысша аттары қазақшаға аударылып, Қалалық Кеңестің қаулылары шыққанына 2-3 жыл болды. «Алма-Ата», «Джамбул», «Чимкент» қалаларының атауы өзгертіліп, Алматы, Жамбыл, Шымкент болғаны белгілі. Алайда, қаладағы жол көрсеткіштерінде «Алма-Ата» — 650», «Чимкент»,-деген жазулар әлі күнге өзгертілмей тұр»,- деп келіп: «…Жыл басында біздің айтуымызбен қалалық көріктендіру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы М.Ордабаев теледидар арқылы жаңа атауларды жазып, ілетінін айтып, уәде бергенімен орындаған жоқ»,- деп «Жыл жаңарды. Ал маңдайша атаулары ше?» атты мақаласында басшылардың атын атап, түсін түстеп де айтудан қорқақтамады. Бұл Қабыл ағаның тілдің мәртебесін шенеуніктердің абыройынан биік қойғандығының айқын дәлелі.
Иә, қолымыздағы кітаптың әрбір парақшасы тынбай еткен еңбек пен мемлекеттік тілімізге деген сүйіспеншіліктің куәсі іспетті. Автордың қай мақаласын, басшыларға жазған өтініші мен талаптарын оқысаңыз да жеке өз басының емес, тілдің өзге тілмен тең дәрежеде өркендеуіне алаңдаушылығы сезіледі.
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: Аңыз былай дейді: Көл басында отырған адамның назары бір итке ауады. Қатты шөлдеген жануар суға жақындап келеді де артқа шегініп, қаша жөнеледі. Оның бұл қылығына түсінбеген адам сәлден кейін барып ғана істің мәнін ұғынғандай болады. Сөйтсе, ит көлдің жағасына келіп су ішпек болғанда, өз бейнесінен қорқып қашып кетеді екен. Бірақ, соңында шыдамы таусылған ит судың ортасына секіріп шөлін қандырады. Мұны ұзақтан бақылап отырған адам былай деп ой түйеді:
-Адамның алдына қойған арман-мақсаттарына көбінесе қорқақтығы тосқауыл болады. Оны аттап өте алса, мұратына жетеді. Қабыл ағаныңи ұстанған қағидасы осы аңызды қостап тұрғандай көрінді маған.
– Жұмыс адамды үш нәрседен құтқарады екен: кедейшіліктен, аурудан, жалқаулықтан,-дейді саусағымен санап. Сондықтан да жұмыстың қадірін сіз білсеңіз – оның нәтижесін халық көру керек.Өз басым жұмысым жүрмесе, ұйықтай алмаймын. Әрбір нәрседе берік қағида болу керек. Өз басым әділдік пен адалдықты тең ұстап, пендешілікке салынбауды үнемі таразылап отырамын,- деген Қабекеңнің ең сүйікті мақалы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» екен.
– Басқа қандай мақал керек, ақша жаратуды білсең, оның қайдан келетінін, қалай табуды да ойлаған дұрыс. Тәртіп біреу, қандай да бір істі бастау үшін жоспарлы дүние керек. Жоспар, табанды мақсат – осы екеуі сені асыл мұратыңа жеткізеді,-деп өкімет асырамайды, ешнәрсе бермейді деуден әлі де жалықпаған замандастарына қарны ашатынын айтып осы жерде Қабыл аға бағзыдан Сүлеймен пайғамбарға қатысты мына бір аңыз-ақиқатты еске салды.Тыңдадық.
«Төрткүл дүниені түгел билеген, ғаламдағы күллі аң-құстың тілін білетін пайғамбар бір күні оларды тегіс жинап, мәжіліс өткізбей ме? Сол жиынға байғыз ғана келмей қалады. Жасауылын жіберіп, жылдам айдатып алған Сүлеймен оның келмей қалуының мәнісін сұрамай ма? Байғыз: «Жер бетіндегі өлі көп пе, жоқ тірі көп пе … соны ойлап, қалып қойыппын»,-дейді. «Иә, қайсысы көп екен?,-дейді пайғамбар. «Өлі көп екен»,-дейді байғыз. «Неге?»-дейді пайғамбар, Тәңірі бір тіріні артық жаратып еді ғой». Сонда байғыз: «Мен түске шейін ұйықтайтындарды да өліге қосамын»,-деген екен.
Сондықтан да жоспарсыз, қу дүниенің соңында қалғып жүріп, біреудің соңына шам алып түсіп, пендешілікке салынып жүргендерге «заманға ілес, ұйқыдан оян» дегім келеді,-деді күрсініп.
– Өзге дегенде өзегімізді жұлып бергенді қашан қоямыз?
– Тіл туралы заңды күнделікті күн тәртібінен түсірмей, кқңіл бөлумен ғана баянды етеміз.
– Ана тілім дегенде өретүрегелетін қазақтар керек бізге.
– Қазақ әлі әлемді таңқалдырады.
– Өз ұлтын сүю сөзбен емес, іспен дәлелденуі тиіс.
Бұл жолдар Қабыл ағаның сонау тоқсаныншы жылы ой елегінен өткізіп, жүрегімен жазып, өмірлік кредосына айналған, әлі күнге жұмыс үстелінде тұратын ұстанымдық сөздері екен.
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: Бала тәрбиесіне, балалардың біліміне жұмсалған еңбек пен қаражат ата-ана үшін жинақ кассасына салып қойған тиын-тебенің сияқты. Кейін балалар өскенде сол еңбегің еселеп қайтатынын кезінде Тұрар ақсақал мен Сейсен апа білгендей-ау. Ақыл айтып, жөн сілтер алдында Алатаудай ақ шашты әкесінің болғаны сол кездерде Қабекеңе де Құдайдың бергені де.
– Адам бұл өмірге келген қонақ екен,- деді Қабыл аға ата-анасының суретін қолға алып.
Есік пен төрдей аз аралықта, егер Алла ұзақ өмір берсе, уайым қайғысыз бал дәурен балалық шақты, күндіз-түні ұйқы жоқ кең жағалы жігіттік жылдарды, бір жанұяға бас болып, бүгінгі күніне рахмет айтып, ертеңгіңді ойлайтын ер азаматқа тән тәуекел еткен кезеңді, ақыл тоқтатып, кішіге жөн сілтеп, жолға салатын ағалық күндерді шүкіршілік етіп, немерелермен шүйіркелесіп отыру екінің біріне бұйыра бермейтін несібе екен. Тәуба, шүкіршілік. Тек балаларымның ата-әжесі, дастарханымыздың киесі әке-шешем дүниеден өтті. О дүниеге кетерде анам Сейсен жұбайым Ұлпаш екеуміздің бетімізден сүйіп, ризашылығын берді.
Жабыққан, сүрінген сәттерде әрқашан жаныңнан табылып, қолтығыңнан демеп, жұбатып, үлкен армандарға жетелейтін, нұрға толы жүрегімен үмітіңді келер күнге жалғайтын да әке-шешең. Қабекең әлі күнге осыны аңсайтындай.
– Еңбекте, өмірде қандай да бір жетістікке жетсем ішімде әттең, әке-шешем көрмеді-ау» деген өксік тамағымда кептеліп тұрады,-дейді бала көңілмен.
– Дүниеге қалай шыр етіп келсек, солай өтеміз. Мейлі бай, мейлі жарлы бол бәрібір о дүниенің таразысына сенің жиған алтындарың тартылмайды. Бұл дүниенің бақыты мен ләззаты, қуанышы мен шаттығы тек ата-ананы құрметтеу арқылы ғана баянды болмақ.
Есейген сайын адамның ақыл парасаты да өзгереді-ау деймін, қазір әке-шешем тірі болса, оларға басқаша қызмет көрсететін едім деймін де, кейде ой түбіне жете алмай шаршаймын…
Иә, Қабыл аға «әке-шешем кетті, борышым жоқ» дей алмайтынын, қайта алдында үлкен аманаттың тұрғанын айтты. Ол Алла бұйыртса әке-шешесінің атынан қажылыққа баруды өзіне мақсат еткендей. Алла тілегін нәсіп еткей дейік.
– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей ғаламның төрт бұрышындай болған тіректерім балаларым – менің ендігі байлығым да, қуанышым да осылар…
АВТОРЛЫҚ ШЕГІНІС: Архив деген күні біткен, ескі қағаздар дейтін ұғымдар әлі де болса екінің бірінде ұшырасады десек қателеспейміз. Қарапайым ғана осы шындықтың дұрыс жағы да бар, бұрыс жағы да бар. Дұрыс болатыны архив – ескі қағаздар екені рас, бірақ әсте керексіз қағаздар емес. Алтын мен жақұт жер мен мұхиттың терең қойнауларында бұғып жататыны секілді, өмір мен ойдың да інжу-маржандары осы сары қағаздардың қойнында бұғып, ішіне көп сыр бұғып жатады. Кен іздеген геологтар секілді жалықпай зерттеушілер ғана оның асылы мен нәрлісін сүзіп екшеп алады да ұрпақтар мүддесіне жаратады. Олай болса, Қабыл Тұрарұлының «Тілім – тірегім» атты жинағының ішкі сырына үңілсең көп нәрседен ой түйерің анық.
– Әлеуметтік танымның өлшемі саналатын рухани құндылықты жоғалтпау жеке адамдар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін маңызды. Өткені мен кеткенін тасқа басып, тарихын қастерлеген халықтың ертеңі нұрлы.
Несін жасырайын, адамның уақыты тар, мақсаты асқақ болатындығынан жыл өткен сайын оның жан дүниесі сарапқа түсіп, істегенінен үлгірмегені көбірек болып көріне береді екен. Маман ретінде бітіргенім – партияның саясатын іске асырдық. Өмірде – ұрпақ жалғастырар із қалдырдық, ұрпақ ретінде – адал еңбек етіп өз қолтаңбамызды қалдырдық,- деді Қабыл аға ойланып.
Мына бір сәйкестікті қарасаңызшы. Бүкіл саналы ғұмырын тілге, оның заңдылығының сақталуына арнаған ағамыз енді сол қоғамды қалыптастырып отырған азаматтардың құқын қорғау, әділдіктің салтанат құруы жолында еңбек етуде. Бүгінгі таңда Қабыл Тұрарұлы Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.
Бұл саладағы ұстанған басты қағидасы – «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ».
– Бұл тек судьяларға ғана емес, барлық мемлекеттік қызметшілерге, тіптен қарапайым адамдарға да қатысты сөз. Бұл адамға иманмен келетін дүние. Сондықтан да иман бар жерде – тәртіп те, әділдік те бәрі дұрыс болады,- дейді ойын бір арнаға тоғыстырып.
Иә, арман қашанда ұзақ… Ғұмыр қашанда қысқа. Жетістік арманға бағынады, өмір мүмкіндікке бағынады. Қауым азаматын: «Ананы неге істемедің? Мынны неге бітірмедің ?,-деп қинай алады. Бірақ азамат қауымын: «Сол айтып тұрғандарыңды жүзеге асыру үшін маған қандай мүмкіндік жасап едің?»,- деп күстәнлай алмайды.
Біздің өткенді көксейтініміз – жоғалтқанымыздың көптігінен. Ертеңді көксейтініміз – дәметкеніміздің көптігінен. Алла Тағала тек көксейтінімізді көп қылғай. Мен Қабыл ағамен қоштасарда оның риясыз күлкісінен осыны ұқтым.
Айгүл МАМЫТ.