Биылғы жылдың сәуір айынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер қабылдау жоспарлануда. Енді үміткерлер жұмыспен қамту орталықтарына жүгінбей, «Business.enbek.kz» порталына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн режимде өтінім бере алады. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты.
Сала жетекшісінің айтуынша, қайтарымсыз мемлекеттік гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни, 1 225 200 теңгені құрайды.
Грантқа өтінім берудің бірінші легіне 2019-2021 жылдар аралығында «Бизнес бастау» курсынан өтіп, сертификат алған азаматтар қатыса алады. Жалпы, үміткерлер мынадай критерийлердің біріне сәйкес келуі тиіс:
✅халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз азамат;
✅бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер қатарындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен адамдар;
✅өтініш берген сәтте мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкер (оның ішінде қызметін тоқтатқан);
✅жастар қатары (18 ден 29 жасқа дейінгі);
✅жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға.
Басқарма басшысы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қатысушылары болып табылатын адамдар грант алуға үміткер болалмайтынын, сондай-ақ дәлелсіз себеппен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуды тоқтатқан азамат тоқтатылған күннен бастап 12 ай ішінде грант алуға құжат тапсыра алмайтынын айтып өтті. Бұдан басқа, грант алуға үміткердің тұрғылықты жері бойынша кемінде 1 жыл тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс екен (қоныс аударушылар мен қандастарды қоспағанда).
Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады, содан кейін құрылған комиссия берілген өтініштерді қарайды. Комиссия отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстыратын болады. Ағымдағы жылы өтінімдерді қабылдау 7 лек шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Мұндай шешім азаматтардың «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп үлгеруі үшін қабылданды.
Айта кетсек, гранттар бір рет беріледі. Бұл ретте, бизнес-жобасын комиссия қарау барысында мақұлдамаған үміткер келесі ағындардың біріне өтінімді қайта бере алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтау туралы қолданыстағы сертификаттың және оқыту барысында дайындалған бизнес-жоспардың болуы міндетті болып табылады.
Шешім шығарылғаннан кейін порталдағы үміткердің жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталда банк деректемелері бар банк шотын ұсынуы тиіс. Бұдан басқа, Порталда хабарлама алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде грант алушы Жеке кабинетте ЭЦҚ пайдалана отырып, шартқа қол қоюы тиіс.
Келесі ағындар бойынша өтінім беру күні алдын ала Порталда, БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
Эфир барысында тұрғындар тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналысу және тағы басқа әлеуметтік төлемдер бойынша 50 шақты сұрақ келіп түсті. Б.Нарбекова әрбір сауалға қанағаттанарлық жауап беріп, мемлекеттен көрсетілетін көмектерді түсіндіріп өтті.
📌АБАЙ АУДАНЫ:
8707 453 08 03
_________________________
📌ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ:
8775 299 66 20
_________________________
📌ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ:
8702 934 80 41 (Whats app)
________________________
📌ҚАРАТАУ АУДАНЫ:
8705 287 60 44.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.