Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейінің 30 оқушысына әскери есепке қойылғаны туралы куәліктер табысталды. Бұл іс-шараға Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, сондай-ақ интернационалист жауынгерлер, Қарулы Күштердің ардагерлері, мұғалімдер мен Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4 курс курсанты қатысып, жасөсіпірімдерге әскери өмір, Отанды қорғау ісі жөнінде ағалық кеңестерін айтты.
– Әскери қызмет – бұл ер адамның әскери борышы. Оның мінезін, ерік-жігерін, табандылық пен батылдықты қалыптастыру мектебі болып. Патриоттар мен Отан қорғаушыларды тәрбиелеу отбасы мен мектеп қабырғасынан басталады. Тәжірибелі жауынгерлердің қолынан құжат алған балалар жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын сезінді деп ойлаймын, – деп атап өтті Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев.
Ал Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Бердібек Өмірзақтың айтуынша, әскери жоғары оқу орнына оқуға түсуге өзін-өзі тәрбиелеу, мақсатқа ұмтылу және мектеп қабырғасында алған жақсы білім көмектеседі.
– Әскери институтта оқып жүргенде ата-анам аса алаңдаған жоқ. Себебі олар барлық тұрғыда қамтылған және үнемі бақылауда екенімді біледі. Ұшқыш болу арманым орындалып келеді, – деді курсант Бердібек Өмірзақ.
Айта кетсек, жалпы орта білімі бар, оқуға түсетін жылы 17 жасқа толған әрі 22 жастан аспаған азаматтар, 24 жасқа толғанға дейін мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаздар, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызмет етіп жүрген 25 жасқа дейінгі азаматтар әскери оқу орындарына құжаттарын тапсыра алады.
Тіркеу куәліктерін биыл 2005 жылы туған жасөспірімдер алады. Түркістан қаласы бойынша бүгінгі таңда 1200-ден астам жас жігіттің 500-ге жуығы әскери есепке тіркелген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.