Биылғы жылы «Shymkent» ӘКК» АҚ-ғы жалпы инвестиция көлемі 1 трлн теңге болатын 100 әлеуетті инвестициялық жобаны тартуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде басқарма төрағасы Бауыржан Канкин қала әкіміне 2022 жылғы атқарылатын жұмыс жоспарлары бойынша берген есебінде айтты.
Бүгінгі күні инвестицияның жалпы сомасы 191,4 млрд теңгені құрайтын 44 жоба бойынша келісім-шарттар жасау жоспарлануда екен. Оның ішінде 17 жоба тұрғын үй құрылысы болса, 4 жоба мектеп және денсаулық сақтау нысандары, ал 18 жоба өнеркәсіп саласында.
«Жоғарыда аталған инвестициялар бюджетке 23,9 млрд теңге салық түсімдерін қамтамасыз етеді және 5381 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өткен жылы Шымкент қаласының негізгі капиталына салынған жеке инвестициялардағы «Shymkent» ӘКК» АҚ үлесі 50 пайызды құрайды»,-деді басқарма басшысы.
Биылғы жылы әлеуметтік корпарациямен жалпы тұрғын ауданы 25 170 шаршы метр болатын 3 нысанды іске асыру жоспарлануда. Ол баспаналар «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы, «Өз үйім» бағдарламасы және «Отбасы Банкі» АҚ-ның басқа да ипотекалық өнімдері және қолма-қол ақша арқылы сатылады.
Инвестициялық жобалар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосатынын айтқан қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл жобаларды жүзеге асыруда барлық қолдау көрсетілуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, аталған жобаларды іске асыру шағын және орта бизнестің дамуына зор септігін тигізетінін жеткізді. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі