Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов проблемалық мәселелерді шешу үшін Қаратау ауданының белсенді тұрғындарымен кездесті. Бетпе-бет форматтағы кездесуде ауданға қатысты барлық салалар бойынша мәселелер көтерілді. Қала әкімі әрбір белсендінің қозғаған мәселесін мұқият тыңдап, сұрақтарға жеке-жеке жауап берді.
Тұран шағынаудан тұрғындары мектепке барар жолдарды жарықтандыру, суаққы қою мәселесін көтерді. Жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары ең алдымен әлеуметтік нысандардарға барар жолға жасалатынын айтқан қала әкімі Тұранды коммуналдық инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Ал, Тассай елді мекенінің тұрғындары жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу және жастарға спорт кешенін салып беру туралы өтініштерін жеткізді.
Қазіргі таңда мемлекет жан басына қаржыландыру жүйесін жүргізіп жатқанын айтқан шаhар басшысы бұл ретте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен бірлесе елді мекендерге спорт мекемелерін салуға жағдай жасау қажеттігін мәлімдеді.
Асар-2 шағынаудан халқы инфрақұрылым жүйелері тартылып жатқанын айта келе, ендігі кезекте көшелерге атау беруді сұрады.
Қала әкімі көшеге атау беру тәртібімен жүзеге асырылатынын және бұл мәселе биыл шешімін табатынын айтты.
Мұрат Дүйсенбекұлы осындай кездесулер мәселелердің маңызын айқындау және бірлесе жұмыс атқару үшін өте қажет екенін атап өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.