Шымкентте биыл «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 32 936 азамат жұмыспен қамту шараларына қатысты. Мемлекеттік бағдарламаның 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2 500 адам жолданып, оның ішінде 2 354-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жалпы 2 998 адамға мемлекеттен қолдау көрсетілген. Нәтижесінде, 2000-нан астам азамат «Бастау Бизнес» жобасына қатысса, 784 адам мемлекеттік грант арқылы өз кәсібін ашып отыр. Қалған 28 мыңнан астам қала тұрғыны жұмыс берушілердің сұранысына сай түрлі бағыттар бойынша жұмыс орындарына орналасқан.
Халықты жұмыспен қамту мәселесі қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың азаматтарды жеке қабылдауында да көтерілді.
«Nur Otan» партиясының қалалық филиалында азаматтардың мәселелерін жеке тыңдаған әкім орынбасары онлайн форматта да қабылдау өткізді.
Әр азаматқа заңдылыққа сәйкес жауап беріліп, мәселесін шешу үшін тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелердің басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй және жұмыспен қамтуға байланысты болды.
Айта кетсек, Ерғали Білісбеков тұрғындарды алдын-ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдайды. Санитарлық талаптарды қадағалау мақсатында қабылдау онлайн түрде жүргізілуде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.