Мектепте суицид орын алса, оқушылар төбелессе, суық қару қолданып пышақтаса, зорлау фактісі кездессе, жалпы қандай да бір қылмыс жасалса, дереу мектеп директоры, орынбасарлары, ұжым боп сол істі жабуға, айтпауға, айтқысы келген адамның аузын жабуға барымызды саламыз. Әйтеуір, мектеп директоры жұмыстан шығып қалмаса, мектептің атына кір келмесе, білім бөліміне, басқармаға, қала берді қаланың, ауылдың, ауданның жаман аты шықпаса болды. Сол ғана! Ал арғы жағындағы бала тағдыры бес тиын! Баланың болашағын, алдағы өмірін ойлайтын адам бар ма?
Қашанғы бұлай жалғаса береді? Жауырды жаба тоқысақ, жылы жауып қойсақ, бәрі сонымен біте ме? Бітпейді, әрине! Одан бетер ол жара іріп-шіріп, мәселе ушығып кетеді! Өйткені, біз мәселені түпкілікті шешпейміз, шешуден қашамыз!!!
Кеше Кентауда оқушы қыздар төбелесті дедік, жапа шеккен қыз травматологияда жатыр. «Учаскелік полиция келіп шағым алғаннан әрі іс қозғалмай тұр. Істі жылы жапқылары келеді дейді. Мектеп әкімшілігі тарапы үнсіз» деген ақпараттар өріп жүр. Бала тағдыры, адам өмірі бізді қаншалықты толғандыратыны осыдан-ақ көрінеді. Мектеп тәртіп бұзған қыздардың, таяқ жеген қыздың ата-анасын жинап жиналыс өткізсе, мәселе неден туғанын зерделеп, бір мектеп ішінде ғана шектеліп қалмай, қоғам талқысына салса, ең бастысы қандай жаза қолданғаны туралы ақпарат берілсе, басқа ата-аналар баласының тәрбиесіне анағұрлым жауапкершілікпен қарар еді ғой, педагогтар мектепішілік тәрбиені құр айғай, құр «галочка» үшін жиналыс өткізбей шынайы тәжірибе бөліссе, оқушы мен мұғалім арасы алшақтан гөрі жүрекпен жақын болса, сонда қоғам түзелер еді…