Қоғамның тыныштығы қай уақытта да – басты орында. Осы орайда тікелей халықпен жұмыс істеп, құқық бұзушылықтың алдын-алуға және профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының қызметін ерекше атап өткен жөн.
Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің бірі – Шымкент ҚПД Еңбекші ауданы Полиция басқармасы ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты – Мейіржан Камал.
Мейіржан Нұржанұлы 1995 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2016 жылы М. Сапарбаев атындағы университетті тәмамдап, 2018 жылдан бастап ІІО-да қызмет атқарып келеді.
Жұртшылық алдында жауапкершілігі мол жұмысын, яғни учаскелік полиция инспекторы қызметін 2020 жылы бастаған. Өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын әкімшілік құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция пунктіне түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндеттерді абыроймен атқарып, тұрғындардың алғысын арқалауда.
Атап өтетін жайт, жуырда қаладағы адам көп шоғырланған саябақта 2,5 жасар баланың адасып қалғаны туралы хабарлама келеді. Кішкентай бүлдіршіннің ата-анасы да полиция бекетіне бекітілген полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Ата-анасының айтуынша, ұлы ойнап жүріп, адасып қалған.
Бұл сәтте қызметін атқарып жүрген Мейіржан болған жайтқа бірден назар аударып, баланы табуға көмектеседі. Тәртіп сақшысы аулаларды тексеріп, тұрғындардан жоғалған бала туралы сұрастырып, бір сағаттың ішінде баланы жақын маңдағы ойын алаңынан табады. Өз кезегінде, жоғалған ұлдың ата-анасы Мейіржанға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Басты қағида – адал қызметте деп білетін Мейіржан күнделікті қауырт жұмысына қарамастан спорттық жаттығулармен де айналысуға уақыт табады. Ол дзюдодан спорт шеберіне үміткер.
«Полиция қызметінің талабы қатал. Әйтсе де, осы қызметте жұмыс істеп жатқаныма мүлдем өкінбеймін. Керісінше құқық қорғау саласында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын», – дейді қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда және құқықбұзушылықтың алдын алуда алдыңғы қатарда тұратын полиция лейтенанты Мейіржан Камал.