Қоғамдағы құқық бұзушылық пен қоғамдық тыныштықты, тәртіпті сақтамау алкогольдік ішімдік ішкендер тарапынан жиі орын алады. Сондықтан да, мемлекетіміз ондай жағдайдың қоғамдық құқық бұзушылыққа ғана соқтырмай, түрлі қылмыстарға де себепші болатындығын ескеріп, қатаң шаралар қолданады.
Шымкент қаласында қоғам тыныштығы мен тәртібін бұзушылыққа қарсы жүйелі түрде іс-шаралар өткізіп отырады. Полиция қызметкерлері патрульдік қадағалау жүргізумен қатар азаматтардың қоңырау шалулары, қаладағы халық көп шоғырланатын, әралуан нысандар жиі орналасқан аумақтарға орнатылған бейнекамералар арқылы да құқық бұзушылықтарды анықтап, мүмкіндігінше олардың алдын алуға тырысады.
Өткен аптада Шымкент қаласында қоғамдық орындарда мас күйде болған 40 азамат жауапкершілікке тартылды. Осы жылдың 9-15 тамызы күндері аралығында полицияға қала тұрғындарынан қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішіп, мас күйде болған азаматтар туралы хабарлаған қырық телефон қоңырауы түсті.
Азаматтардың шалған телефонына бірден көңіл бөлген Шымкент қалалық полиция Департаментінің қызметкерлері түскен хабарлар бойынша тез арада тиісті шаралар алды. Қоғамдық орындарда құқық бұзушылыққа барған, қоғам тәртібін бұзып, жұрттың тыныштығын алған тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-шы бабында қарастырылған әкімшілік жазаларға тартылды. Мұндай құқық бұзушылық үшін бес айлық, егер бұндай құқық бұзушылық жыл ішінде қайталанса он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге, немесе бес күнге дейін әкімшілік қамауға алуға жатады.