Бұл туралы сейсенбі күні жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг кезінде Шымкент қаласының Білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева хабарлады.
Еліміздегі пандемиялық жағдайдың қиындық тудыруына, карантиндік шектеулерге қарамастан Мемлекет басшысы жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін оларды дәстүрлі форматта оқыту қажеттігін, ол үшін індеттен сақтанудың барлық шараларын жасау керектігін атап көрсеткен еді. Қала әкімі М. Әйтенов те бұл мәселені назарында ұстап, жаңа оқу жылына дәстүрлі форматта оқытуға дайындықты қадағалап отыр.
Санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жайын баяндаған басқарма басшысы қаладағы білім мекемелері мектеп оқушыларын дәстүрлі форматта оқытуға дайын екеніне тоқталып өтті.
«Білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және маска режимі сақталады. Білім басқармасына қарасты 785 білім ұйымдары «Ashyq» жобасына 100% қосылды. Педагогтер мен техникалық персоналдар 100% вакциналанды. Медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда. Білім беру ұйымдарына бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады. Бір сынып — бір кабинет талаптары сақталады»,-деді спикер.
Айта кетейік, егер білім алушы ауырған жағдайда сынып қашықтан оқытуға жіберіледі. Науқас және байланыста болған ата-аналар жағдайында балалар қашықтан білім алады.