Мемлекеттік Жастар саясатын жүзеге асырудың басты бағыттарының бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге дағдыланып, жастайынан шынығып шымыр болып өсуіне мүмкіндік жасау. Шымкент қаласының әкімдігі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда, оның ішінде шымқалалық жасөспірімдердің бұқаралық спорт түрлерімен жас кезінен бастап айналысуына жағдай жасауда көптеген жұмыстар атқарып келеді.
Қалада жүздеген балалар мен жасөспірімдер спорттын нысандары жұмыс жасап тұр. Солардың бірі — «Шымкент» Орталық су-спорт кешені. Әл-Фараби ауданы, Қазиев көшесі 2в мекенжайында орналасқан. Мұнда жүзуден оқу-жаттығу жиындары мен спорттық жарыстар өтеді.
Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов спорт кешенінің жұмысымен танысты. Қалада жастар арасында жүзу мен гимнастика кең тарағанын айтқан шаһар басшысы мұндай спорт кешендерін көптеп салу қажеттігін жеткізді.
Орталық су кешенінің жалпы ауданы 5555 шаршы метр. Жүзу алаңы, асхана, медициналық кабинет, тренажер залы, 2 киім ауыстыратын бөлме, 725 көрерменге арналған орындық бар. 2012 жылы пайдалануға берілген.
Сондай-ақ, осы Әл-Фараби ауданында заманауи 29 спорт алаңшасы салынады деп жоспарлануда. Ашық спорт алаңшаларының 4-і меценат Серік Түлбасовтің жеке қоры есебінен салынып жатса, қалған 25-і бюджет қаржысынан салынатын болады. Қазіргі таңда, демеуші есебінен салынып жатқан Қалдаяқов көшесі №4/5, Әлімбетов көшесі 45в, «Отырар» ш/а., №52 және «Текесу» тұрғын алабындағы спорт алаңшалары халық игілігіне пайдалануға берілді. Қалған аулалар жыл соңына дейін салынып, пайдалануға берілетін болады.