Еліміздегі экологиялық жағдай әлемдегі кей елдерден тәуір болғанымен мемлекет тарапынан арнайы заң мен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, экологияны жақсарту шаралары алынуда. Сондай шараның бірі бүкілқазақстандық «таза қала» акциясы. Бұл акция бойынша қазақстандықтар өздері тұратын қалалар мен елді мекендердің тазалығын сақтау арқылы экологиясын сақтауды мақсат етуде.
«Таза қала « акциясына шымкенттіктер ерте көктемнен бері белсене қатысып, әсіресе, жастар ұйымдары ұйымшылдық танытуда.
Шымкенттік азаматтар, оның ішінде жастар белсенділігі белгілі. Өткен сенбі күні шымкенттік белсенділіктің тағы бір жайты жарқырай көрініп «Таза ауланың тынысы кең» деген экологиялық акция жүргізілді. Дәл осы ұранмен дәстүрлі сенбілік жұмыстары Әл-Фараби ауданына қарасты Рысқұлбеков, Байтұрсынов, Мәметова көшелерінде, Спорт шағын ауданы аулаларында жалғасты.
Тазалық шарасында аулалардағы шөп орылып, қураған ағаштар бұталды. Сондай-ақ, аулалардың маңайы сыпырылып, қоқыстан тазартылды.
Тазалық шарасына аудан әкімдігінің қызметкерлері және табиғат жанашырына айналған 200-ге жуық қала еріктілері атсалысты. Еріктілер арасындағы жастар тазалық жұмыстарында белсенділігімен көрінді. Әрі «таза ауланың тынысы кең» акциясына қатысушылар сол аулаларда тұрып жатқан тұрғындарға нақты істерімен үлгі көрсетті.
Осы орайда, қала тұрғындарын өздері тұрып жатқан жердің тазалығына немқұрайлы қарамауға, табиғатты ластамауға шақырамыз!