Полиция халықтың қауіпсіздігін сақтаумен қатар тыныштығын сақтап, заңдылықтың бұзылмауын қадағалауға міндетті. Оған қоса құқық қорғаушылар азаматтардың түрлі жағдайға душар болған сәтінде жанынан табылып, жәрдемін аямайды. Бұл билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдық келісімді қалыптастырады.
Шымкенттік полицейлер мегаполис тұрғындарының әрбір өтініші мен арыз-тілегіне жауапкершілікпен қарап, жедел көмектесуге ұмтылады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне жергілікті тұрғын таксиде құжаттарын қалдырып кеткендігі туралы айтып, көмек сұраған. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері полиция аға лейтенанты А.Аширов пен полиция лейтенанты Н.Орынбеков тез арада бейнебақылау камерасы арқылы автокөлікті тауып, құжаттарын иесіне қайтарып берді.
Осындай тағы бір оқиға ағымдағы жылдың 12-тамызында қаладағы адам көп шоғырланған Солтүстік мөлтекауданы маңында орын алған. Жергілікті тұрғын қол сөмкесін жоғалтып алып, жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Шымкент қаласы Полиция департаментінің ЖПҚБ Патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің шұғыл әрекеті арқасында қол сөмке табылып, иесіне қайтарылды.
Осы ретте қаланың бұл екі тұрғыны полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен шұғыл әрекеті және жанашырлығы мен адамгершілігіне тәнті болып, өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарағандарына рақметін бейнежазба арқылы жолдап отыр.
Айта кетейік, тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында күнделікті қала көшелерінде үш ауысыммен қызмет етеді.