Қазақстан Республикасында ана мен балаға мемлекет тарапынан қамқорлық үлкен. Халық санын көбейтуші аналар мен елдің болашағы балалардың дені сау, қауіпсіз жағдайда барлық жетістіктерді пайдалана отырып жетілуіне мүмкіндік бар. Дегенмен, кейбір ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігінен балалардың өміріне қауіп төнетін жағдайлар да кейде орын алып отырады.
Кейбір ата-аналар жас балаларын қараусыз қалдырып түрлі қауіпке душар ету оқиғалары аракідік орын алып отырады. Әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратын азаматтар арасында терезені ашық қалдырып бөлмедегі балаларын қараусыз қалдыруынан бүлдіршіндер терезеге шығып, биіктен құлап түсіп мүгедек болып қалу, не шейіт болып кету жайттары да орын алады. Сондықтан да, шымкенттік полицейлер тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмауын ескертеді
Терезеден құлау оқиғалары көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Осыған байланысты, Шымкент қаласы Полиция департаментінің полиция қызметкерлері ата-аналарды өте сақ болуға және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауларын сұрайды.
Әл-фараби АПБ Ювеналдық полиция қызметкерлері балалардың терезеден құлап кету жайттарының алдын алу мақсатында көпқабатты үй тұрғындарынмен арнайы кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Онда кішкентай сәбилерді үнемі назарда ұстап отыру, олардың өміріне ата-аналардың жауапкершілігі және де ата-аналық құқықбұзушылықтың алдын алу жайында жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында ата-аналарға әсіресе кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмау қажеттілігі айтылып, қауіпсіздік ережелерінің жиынтық жаднамасы таратылды. Онда көпқабатты үйлерде кішкентайлардың терезенің алдына шығып алуы, абайсызда құлап кетіп қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін екендігі жазылған.