Шымкент қаласының әкімдігі Президент Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда еліміз бойынша алғашқы үздік үштікте келеді. Оны күні кеше ҚР Премьер-Министрі А.Мамин Үкімет мүшелерімен, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдерімен өткізген селекторлық мәжілісінде көріп-білдік.
Республика облыстары мен қалаларының экономика саласындағы негізгі көрсеткіштерінің даму динамикасында Шымкент қаласының барлық көрсеткіштерінде өсім динамикасы бар екендігі баяндалды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев: «Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда», — деді.
Оның ішінде биылғы жылдың қаңтар-шілде мерзіміндегі аралықта былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіші 104,8 пайызға, ауылшаруашылығы саласы – 103 пайызға, құрылыс жұмыстары – 114,6 пайызға, пайдалануға берілген үйлер көлемі – 107,9 пайызға, сауда саласы – 104,2 пайызға, көлік саласы – 103 пайызға, жеке инвестиция тарту көлемі – 149,5 пайызға артқандығы атап өтілді.
Шымкент қаласының кен өндірісімен байланысты емес салалар бойынша инвестициялық белсенділігі 22,8 пайызға жеткендігі айтылып, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өндірісі, байланыс және ақпарат, ауыл шаруашылығы, сауда, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік салаларында оң даму көрсеткіштері қалыптасқан. Бұл көрсеткіштен қаламыз 3-ші орынға тұрақтаған.
Құрылыс саласында Шымкент қаласы үздік бестіктің қатарына еніп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 14,6 пайызға өскен.
Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде қалыптасқан оң динамика шаһар экономикасының тұрақты өркендеуіне негіз болып, даму жоспарында қамтылған міндеттерді табысты іске асыруға кепіл болмақ.