Пандемиялық ахуалға байланысты қиындықты пайдаланып халықты алдап алаяқтықпен айналысып, заң талаптарын бұзушылық етек алып тұр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тапсырғандай құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін белсенді жұмыс атқаруда.
2021 жылдың 8-тамызында Әл-Фараби АПБ-на Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында «WhatsApp» әлеуметтік желісінен телефон нөміріне белгісіз тұлға танысы екендігі туралы хат жазып, сеніміне кіру арқылы 100 000 теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп алғандығын көрсеткен. Әл-Фараби АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғыны анықталды. Ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сол сияқты Қаратау ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, белгісіз тұлға «Whatsapp» желісі арқылы мүгедек ұлына көмектесемін деп, есеп-шот нөмірін біліп алып, 40.000 теңгесін иемденіп кеткенін көрсеткен.
Аталған жайт бойынша, Қаратау АПБ криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде жоғарыдағы алаяқтықпен құқық бұзушылыққа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғын анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Өз кезегінде, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына бөгде адамдарға сеніп, алданып қалмауға кеңес береді.